Тұтынушысы балалар: Шымкентте энергетик сусын өндіріп келген жасырын цех анықталды

Жарияланды
Фото: Ашық дереккөздерден

Шымкентте адам өміріне қауіпті жасанды энергетик сусындар өндіріп келген жасырын цех анықталды. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ал, елімізде 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 42,6%-ы энергетик ішетіні анықталған болатын.

«Бизнес құқықтарын қорғау және көлеңкелі экономикамен күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс аясында танымал энергетикалық сусын шығаратын жасырын цехтың қызметін ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті тоқтатты», делінген баспасөз хабарламасында.

Жедел іздестіру шараларын қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен сауда маркасының құқық иеленушілерінің өкілдері жүргізген. Нәтижесінде 21 мыңнан астам құты контрафактілік сусынның дайын өнімдері, тауар белгісі бар 54 мың данадан астам бос банкалар энергетикалық сусынды құюға арналған жабдық, сия бүріккіш жапсырма, орау құрылғылары, қақпақтар, құрғақ қоспалар (лимон қышқылы, кофеин, сода, бояғыштар, қант, қышқылдықты реттегіштер) тәркіленген.

Келтірілген шығын көлемі 37 млн теңгеден асады.

«Ұлттық сараптама орталығының микробиологиялық зерттеу хаттамасына сәйкес, тәркіленген сусынның құрамында рұқсат етілген мөлшерден екі есе жоғары зең мен ашытқы бар. Бұл өнім тұтынуға жарамсыз, өйткені ол адам денсаулығына, әсіресе жас ағзаға зиян келтіреді», делінген хабарламада.

Осы орайда жасырын цехтың таңдауы басқа сусындар емес, неге энергетикалық сусынға түсті екен деген орынды сұрақ туындайды. Себебі тәуелділік тудыратын бұл сусындарды тұтынуға елімізде тыйым салынбаған және пандемиядан бері бұл өнімге деген сұраныс 42%-ға артқан.

Дәрігерлер бұл сусын кішкентай бала тұрмақ, үлкен адам үшін де зиян деп дабыл қағуда. Сол зияннан көршілеріміз барынша сақтануға тырысып жатыр. Мәселен, 2018 жылы Өзбекстан балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуды шектейтін заңды бекітті. Заңды бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен бірге ол заңға сәйкес мұндай сусындардың жарнамасы азайтылған. Атап айтқанда, сағат 7.00-ден 22.00-ге дейін теледидар мен радиода мұндай өнімдерді жарнамалауға рұқсат жоқ. Жарнамаланған жағдайда нормадан тыс пайдаланудың қауіптілігі туралы ескерту бірге жүруі тиіс. Ал Түркіменстанда мүлде сатылмайды.

Қырғызстанда 2022 жылы Жогорку Кенеш депутаттары ел азаматтарының денсаулығын сақтау және сусындарды тұтынудың салдарынан туындайтын ауруларды азайту мақсатында оларды әкелуді, өндіруді, өткізуді және сатуды тоқтатуды ұсынды. Заң шықпаса да, бұл елде кәмелетке толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға қазірдің өзінде тыйым салынған.

Ресейде де сәл солай бастама көтеріліп, жасөспірімдерге алкогольсіз энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр. Кәмелетке толмағандарға сатуды шектеу туралы заң жобасы Мемлекеттік Думаға ұсынылып үлгерген. Алайда 2023 жылдың сәуірінде ол толықтыру үшін қайта қарауға жіберілген.

Белоруссияда кәмелетке толмағандар үшін энергетикалық сусындарға тыйым 2021 жылы салынған. Еуропаға келер болсақ, Франция, Дания, Норвегияда мұндай сусындар тек дәріханаларда сатылады.

Ал Қазақстанда ше? Қазақстанда жағдай мынадай. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы 2017 жылдан бері зерттеу жүргізген. Сауалнамаға Қазақстанның 20 өңірінен 11-15 жас аралығындағы 8,5 мыңнан астам оқушы қатысқан. Статистикаға сәйкес, 2022 жылы балалар арасында энергетикалық сусындарды тұтыну көрсеткіші келесідей:

  • Жалпы елімізде 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 42,6%-ы энергетик ішеді;
  • Бұл сусындарды ұлдардың 46,1%-ы, ал қыздардың – 38,9% тұтынады;
  • Кәмелетке толмаған балалардың 3%-ы энергетикалық сусындарды күнделікті тұтынады;
  • Еліміздегі әрбір бесінші жасөспірім (20,5%) аптасына бір рет энергетикалық сусын сатып алады;
  • Жасөспірімдердің 17,5%-ы аптасына 1 немесе 5-6 рет энергетик ішеді. Оның ішінде 19,1 пайызы ұлдар болса, 15,8 пайызы қыздар.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше энергетикалық сусынның бір құтысында 27 қасыққа дейін қант болуы мүмкін. Онымен қоса энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде кофеин, таурин, гуарана, L-карнитин сияқты стимуляторлар бар. Бұларды көп тұтыну – сусыздануға, жүректегі асқынуларға, жүрек жеткіліксіздігіне, үрейленуге, мазасыздықтың артуына, ұйқысыздыққа әкелуі мүмкін.

Энергетикалық сусындардың зияны жайлы 2022 жылдың күзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бастама көтерген болатын.

«Жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды енгізу қажеттігі қоғамда кеңінен талқылануда, Үкімет бұл мәселені зерттеп, нақты шешім қабылдауы керек»,- деп тапсырған болатын.

Алайда бір жыл ішінде бұл бағытта нақты шешімдер қабылданған жоқ. Әзірге еліміз энергетикалық сусын құтыларында жазылған «18 жасқа толмаған адамдарға ұсынылмайды» деген ескертумен ғана шектелуде.

Сондай-ақ оқыңыз