Жаңалықтар

Пикассоның картинасын жасырып қала алмайсыз: табысын жария етуге кімдер міндетті?

Фото: shutterstock.com

Жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі 15 қыркүйек аяқталады. 250.00 нысанды активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, оның ішінде директорлар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынады.

Декларацияны электронды түрде тапсыру мерзімі 2023 жылдың 15 қыркүйегінде аяқталады. Декларацияны мына ресурстарда тапсыруға болады:

  • salyk.kz «Салық төлеушінің ​​кабинетінде»;
  • Egov.kz электрондық үкімет порталында
  • e-Salyq Azamat мобилді қосымшасында;
  • eGov mobile мобилді қосымшасында;
  • HALYK BANK мобилді қосымшасында.     

Мемлекеттік кірістер комитетіндегі Жалпыға бірдей декларациялау және жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Гүлден Хасенованың айтуынша, қазірге дейін 1 млн 600 мың жеке тұлға декларация тапсырған. Оның сөзінше, көпшілігі мерзімді қате көрсетіп жатыр. Декларация тапсыру кезінде тиісті мерзімді 2023 жыл деп енгізу керек. Сонда 2022 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша жеке тұлғаның табысы анықталады.

Көрсетілетін активтер:

  • Жылжымайтын мүлік (соның ішінде жер телімі, жер үлесі);
  • Жылжымалы мүлік: әуе және теңіз транспорты, автомобиль, арнайы техника;
  • Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу келісімшарты бойынша тұрғын үйдегі үлес;
  • Жарғылық капиталдағы қатысу үлесі;
  • Шетел банктерінің шотындағы қаржысы (30 мың есе АЕК-тен аспайтын);

«Егер сіз Түркиядан жылжымайтын мүлік сатып алған болсаңыз, онда оны аталған декларацияда атап көрсетуіңіз қажет. Мысалы, егер сіз өзіңіз Астанада тұратын болсаңыз және Қарағандыда мүлкіңіз болса, онда оны енгізудің керегі жоқ. Бізде барлық мемлекеттік органдармен интеграция бар, қажет болған жағдайда олар біздерге ақпарат бере алады. Сонымен қатар Ресейде немесе Англияда тіркелген транспорт құралыңыз болса, оны да тіркеу керек болады», дейді.

Қазақстанда және шетелде тіркелгеніне қарамастан енгізу қажет болатын активтер тізімі:

  • Инвестициялық алтын;
  • Бағалы қағаздар;
  • Цифрлық активтер;
  • Инвестициялық паи қорлары;
  • Зияткерлік меншік құқығы нысаны (тауарлық белгілер, бағдарлама, кітап, мобилді қосымша, музыка)

Декларацияны тапсырудың мынадай да қыр-сыры бар. Мәселен, сізде құны 30 мың есе АЕК-тен асып түсетін ірі алмаз бар делік. Не болмаса үйіңізде Пикассо немесе Рембрандтың картинасы ілулі тұрған болса. Мұндай мүліктерді де декларациядан тыс қалдыруға болмайды.

Сондай-ақ жеке тұлғалар арасындағы дебиторлық, несиелік берешек те декларациялауға жатады. Ол нотариуспен куәландырылған болуы тиіс. Мысалы, сіз бұрын қандай да бір ЖШС-да жұмыс істеп, сосын квазимемлекеттік секторға ауысқан болсаңыз және алмаған жалақыңыз, қаржыңыз болса, онда оны да декларацияға қосу керек болады.

250.00 нысанды декларацияны тапсыру кезінде көлемі 10 мың АЕК-тен аспайтын қолма-қол ақшаны да көрсету қажет. Егер сомасы 1000 АЕК-тен асатын болса, онда шетел банкінің шотында жатқан ақшаны да атап көрсетуге тура келеді. Бұл ереже құны тура сондай тұратын мүлікке де қатысты.

270 (250-ден кейін тапсырылады) формасында азаматтың бүкіл табысы көрініс табады. Олар – жалақы, жеке шаруа қожалығынан түскен табыс, зейнетақы, дивиденд, сыйақы, ұтыс, стипендия. Атаулы әлеуметтік көмек түріндегі төлем, сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлем, банк салымдары бойынша сыйақылар және мемлекет есебінен төленетін тұрғын үй жинақ салымындағы сыйақыны көрсетудің керегі жоқ. 270 формасында тек сыйға алған мүлік көрсетіледі. Егер ол мемлекеттік органдардағы тіркеуге жататын болса.

Сіз 250 формасын толтырғаннан кейін, сіздің онда енгізген деректеріңізді салық органдары 270 формасын декларациялау кезінде де пайдаланатын болады. Мысалы, егер сіздің қалтаңыз биыл бос болса және келер жылы сіз қомақты алтынға ие болып шыға келсеңіз, оның қаншалықты заңды жолмен келгенін дәлелдеуіңізге тура келмек.

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, декларацияда кеткен қателікті түзеуге болады. 250.00 есептілік нысанын

  • «Салық төлеушінің кабинеті» арқылы («Салық өтініштері» бөлімі, бұдан әрі «Салық есептілігін кері қайтарып алу туралы өтініш»);
  • Egov порталы («Кеден және салықтар» бөлімі, «Салық салу»  бөлімшесі, «Декларацияны кері қайтарып алу» қызметі) арқылы кері қайтаруға немесе түзетуге болады.

Декларацияны толығымен кері қайтару келесі жағдайларда жүзеге асырылады: Мерзімі яғни декларация тапсырылған есепті жылы дұрыс көрсетілмеген болса және декларацияны тапсыру бойынша іс жүзінде ешқандай міндеттеме жоқ болса.

«Егер сіз декларацияда қате жіберіп, салық органының кодын, резиденттік мәртебесін немесе салық есептілігінің түрін дұрыс емес көрсеткен болсаңыз, онда түзету әдісі бойынша декларация кері қайтарып алынады (декларация жүйеде қалады және оны табыстау күні өзгермейді). Басқа жағдайларда, яғни сіз сандарда қате жіберген мәліметтерді (кірістер, қолма-қол ақша, жылжымалы/жылжымайтын мүлік және Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі банктік шоттардағы ақша және т.б. туралы) толық көрсетпеген болсаңыз, айырмашылықтың сомасын немесе көрсетілмеген ақпаратты «қосымша»  декларацияны табыстау арқылы түзете аласыз», делінген комитет жауабында.

Егер азамат бастапқы декларация тапсыру мерзіміне бағынбаған болса, онда оған әуелі ескерту беріледі. Жыл бойында қателік екінші рет қайталанса 15 АЕК (51 750 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

«Декларацияда «салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуге мүмкіндік бермейтін» толық емес немесе сенімсіз мәліметтер болса, салық органдары да бірінші рет ескертумен шектеледі. «Ескертуден кейін бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 3 АЕК (10 350 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Салықтарды есептеуге мүмкіндік беретін салық салу объектілерін жасырған жағдайда салық сомасының 200 пайызы мөлшерінде және мұндай бұзушылық қайталанған жағдайда 300 пайызы мөлшерінде айыппұл салынады», деп түсіндіреді комитет өкілдері.

Salyqtez заңгерлік фирмасының басқарушы серіктесі Айдар Масатбаев декларациялаудың көлеңкелі тұстарына да үңіледі. Біздегі бай адамдар ақымақ емес, олар әлдеқашан ақшасын шетелге шығарып қойды дейді ол.

«Мүлік пен табысты жаппай декларациялауға көшудің тұжырымдамасын Үкімет 2010 жылы қабылдаған болатын. Декларациялаудың өзі 2017 жылдан бастап енгізілуі керек еді. Ұдайы кейінге қалдыру – сол азаматтардың лоббиінен туындады. Өйткені оларға барлығын қайта рәсімдеп алғанға уақыт қажет болды. Табысты заңсыз жолмен жинаған байлар мен жемқорлар ешқашан ақшасын Қазақстанда жинамайды. Шағын капиталын көз етіп қалдырады. Сондықтан декларациялау заңсыз жолмен байыған адамдарды анықтауда соншалықты тиімді бола қоймас», дейді сарапшы.

Еске салайық, Қазақстанда жалпыға бірдей декларация 4 кезеңде өтеді:

  • 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен оған теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары декларация тапсырады;
  • 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары декларация тапсырады;
  • 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялаудан заңды тұлғаларды құрушылар мен басқарушылар, сондай-ақ ЖК және олардың жұбайлары өтеді;
  • 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың қалған категориялары декларация тапсыра бастайды.