Жаңалықтар

Апатты жағдайда қонған Ресей ұшағында Қазақстан азаматтары болды ма, жоқ па белгісіз – СІМ

Фото: kursiv.media

Бүгін Сочиден Омбыға бет алған ұшақ апатты жағдайда Новосібір облысында шұғыл қонуға мәжбүр болды. Ұшақта Қазақстан азаматтары болды ма, жоқ па белгісіз. ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствоға Ресей тарапынан ондай хабарлама түспегенін айтты.

«Бұған қатысты Ресей тарапынан бізге ақпарат келіп түскен жоқ. Сол себепті ол ұшақта біздің азаматтарымыз болған, болмағанын нақты айта алмаймыз», деді.

Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Сочи-Омбы бағытындағы лайнерде 170 адам болған, 23-і бала. Жолаушылардың ешқайсысы зардап шекпеген.

Сонымен бірге Таиланд бұқаралық ақпарат құралдары Пхукетте Ресейдің ММА спортшылары Хусейн және Хасан Асхабовтардың ұсталғанын, олардың Италия азаматын ұрып-соғып, ұрлап кеткені туралы жазды. Бұл оқиғаға үш қазақстандықтың да қатысы бар екені айтылуда. Алайда бұл ақпаратты СІМ өкілі растамады.

Журналистер «бұл оқиғаны жасырып қалғысы келетіндер бар ма? Қазақстанның жемқорлығы Таиландқа да жетіп үлгерді ме?» деп сұрады.

«Мен бұл оқиға туралы естігенім бар. Бірақ бізге Тай елінен ресми хабарлама түскен жоқ. Ал Таиланд бұқаралық ақпарат құралдары не жазса да, өздері біледі. Мен оларға қатысты пікір білдіре алмаймын. Кімге, кім пара берді? Қандай жемқорлық? Қандай Таиланд? Мен ресми өкіл ретінде бізге Таиланд билігінен ешқандай хабарлама түспегенін мәлімдеймін. Біз тергеумен айналыспаймыз. Ол жұмыспен құқық қорғау органдары айналысады. Біз қылмысқа барса да, шетелдегі азаматтарымыздың құқығының сақталуын қамтамасыз етумен айналысамыз. Ал тергеуді сол жағдай болған елдің құқық қорғау орандары жүргізеді. Сіздер дипломаттардың әмбебап болып, тергеумен айналысқанын қалайсыздар ма?!» деп жауап берді Смадияров.