Apple iPhone-ның жаңа моделін таныстырды. Сарапшылар самртфондардың жаңа сериясы сатылымының жандануына жол ашады деп сенеді.
Сейсенбі, 12 қыркүйекте Apple компаниясы Купертинодағы штаб-пәтерінде iPhone-15-тің тұсаукесерін өткізді. Атап айтқанда, iPhone 15 және iPhone 15 Plus, iPhone 15 Pro , iPhone 15 Pro Max модельдері таныстырылды.
iPhone 15 дисплейінің өлшемі 6,1 дюйм, iPhone 15 Plus 6,7 дюймді құрайды. Құрылғыларда 48 мегапиксельді құрайтын жаңа камера жүйесі орнатылған. Камераның ерекшелігі ол нейрондық желіге негізделген және пайдаланушы адамның немесе жануардың портретін түсірген кезде портрет режиміне автоматты түрде ауысады. Смартфон бес түрлі түсте шығарылады жасыл, көк, қызғылт, сары және қара.
iPhone 15-тің компания белгілеген бағасы – 799 доллар, iPhone 15 Plus – 899 доллар.
Ал iPhone 15 Pro және iPhone 15 Pro Max – модельдерінде A17 Pro процессорымен жабдықталған 3 нанометрлік технология арқылы жасалған чиптер пайдаланылған. Бұл смартфондар алты ядролы жетілдірілген графикалық процессорларды пайдаланады. Бұл процессорлар құрылғының графикалық қуатын еселей түспек.
iPhone 15 Pro экранының диагоналі 6,1 дюйм, iPhone 15 Pro Max 6,7 дюймді құрайды. Олар 48 мегапиксельді камера мен 12 мегапиксельді кең бұрышты камераны пайдаланады. iPhone 15 Pro-да 3x телефото камерасы бар, ал iPhone 15 Pro Max 5x оптикалық масштабтау фукциясымен ерекшеленеді.
Бұл модельдердің жақтауы титан қорытпасынан жасалған, экран керамикалық әйнекпен қорғалған. Корпустың артқы жағы төзімді шыныдан жасалған. iPhone 15 Pro және iPhone 15 Pro Max титан қара, титан ақ, титан көк және табиғи титан сынды 4 түсте шығарылады. Бұл смартфондардың бағасын компания 999 және 1199 доллар көлемінде бекіткен.
АҚШ бойынша алдын ала тапсырыстар 15 қыркүйекте басталады, ал басқа елдерде сатылым қыркүйектің 22-де басталады деп жоспарланған.