Жаңалықтар

Қарабақтағы жағдайға байланысты СІМ мәлімдемесі: Қазақстан Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын растайды

Фото: СІМ

ҚР Сыртқы істер министрлігі Таулы Қарабақтағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.

«Қарабақ төңірегіндегі соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстан Республикасы Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына оның халықаралық деңгейде танылған шекаралары шегінде берік қолдауын тағы да растайды, сондай-ақ барлық мәселелерді БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен нормаларына сәйкес саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайды», делінген СІМ мәлімдемесінде.

Қазіргі таңда Таулы Қарабақта жағдай ушығып тұр. Әзірбайжан шекараға әскерін орналастырып жатыр. 9 қыркүйек күні Әзірбайжан тарапы Арменияның оқ атқаны туралы хабарлады. Алайда Армения бұл ақпараттың жалған екенін айтып, жоққа шығарды.