Тоқаев Орталық Азия тауар өндірушілерінің бірыңғай электронды базасын құруды ұсынды

Жарияланды
фото: Ақорда

Қазақстан Республикасының Президенті Орталық Азия елдерінің әлеуетін арттыруға, бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын айқындауға қатысты өз көзқарасын білдірді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V консультативтік кездесуінде айтты.

Мемлекет басшысы алғашқы даму бағыты ретінде Орта Азия елдері арасындағы сауда айналымының айтарлықтай ұлғайғанымен байланыстырды. Болашақта да, сауда айналымын тұрақты түрде ұлғайтуға көңіл бөліну керек екендігін нақтылады.

Бірінші. Елдер арасындағы сауда-саттық қарқынын дәйекті түрде ұлғайту қажет. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар екені байқалады. Жоғарыда атап өткенімдей, аймақ мемлекеттері арасындағы өзара сауда тұрақты түрде өсіп келеді. Біздің елдеріміздің өзара тауар айналымын алдағы уақытта 15 миллиард долларға дейін жеткізу үшін мол мүмкіндік бар», – деді мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өңірдегі елдерге өз экспортын 175 шикізаттық емес тауар түрі бойынша ұлғайта алар еді. Президент бұл мәселеде қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын алға тартып, Орталық Азия тауар өндірушілерінің бірыңғай электронды базасын құруды ұсынды:


Елдеріміздің іскер топтары сауда айналымын кеңейтетін негізгі жетекші күш болуға тиіс деп санаймын. Сондықтан, менің ойымша, оларға қолайлы орта қалыптастыру жұмысына баса мән беру керек.

Кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнату үшін тауар өндірушілердің бірыңғай электронды базасын құруды ұсынамыз. Мысалы, оны Central Asia Gateway порталы аясында іске асыруға болады», – деді Тоқаев.

Екінші бағыт ретінде Президент өнеркәсіптік кооперацияға тоқталды:

Бүгінде жаһандық өндірісте қысқа, аймақтық, орнықты жеткізу тізбектерінің қалыптасу үрдісі байқалады. Осы орайда азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс және химия өнеркәсібі салаларында тауар өндіру бойынша кластерлік кооперациялық жобалар жасау ісінің әлеуеті зор.

Осыған байланысты Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынамын . Бұл жоспар тауарлардың жекелеген түрлерін өндірудің тұйық циклін қалыптастырып, алдағы уақытта үшінші елдердің нарықтарына экспорттауға бағытталар еді»
.

Үшінші бағыт – елдердің көліктік-логистикалық әлеуетін толыққанды іске асыру:

«Бізге бауырлас мемлекеттермен бірлесіп, өңір ішіндегі сауда-саттыққа кедергі келтіретін «осал тұстарды» реттеу үшін көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту жұмысын жалғастыру өте маңызды.

Қазақстан жақын серіктестерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал ететін бірқатар ірі жобаны жедел жүзеге асыруды көздейді. Бұл жерде «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобалары, сондай-ақ «Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы» автомобиль жолы туралы сөз болып отыр.

Жалпы, Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті»
, – деп өз ұсынысын жеткізді Тоқаев.

Сонымен қатар, Тоқаев кездесуде жаһандық геосаяси жағдайға тоқталды. Орталық Азия елдерінің мәдениетін, туризмді дамыту мәселесіне мән берді. Өңіралық байланысты жаңа деңгейге көтеру қажеттілігін тәпсірледі.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Республикасына жұмыс сапарымен барды. Президент сапар аясында Халықаралық Аралды құтқару қорының отырысына қатысуды жоспарап отыр. Жиынға қорды құрған мемлекет басшылары да қатыспақ.

Сондай-ақ оқыңыз