Жаңалықтар

«Елбасы өз қолымен тапсырған»: «Росатомға» өтіп кеткен Буденовское кезінде олигархтарға тегін берілген бе?

"Казатомпром" отрицает влияние санкций на СП с "Росатомом"
Фото: kursiv.media

«Росатом» өте арзан бағаға сатып алған, уран қоры жөнінен әлем бойынша екінші орында тұрған «Буденовское» кеніші кезінде қазақстандық олигарх Александр Клебанов пен оның іскер серіктесі, хорват-ресейлік кәсіпкер Василий Анисимовқа тегін өтіп кеткен. Бұл жайлы «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ бұрынғы басшысы, белгілі кәсіпкер Еркін Әмірханов мәлімдеді, деп жазады KazTag.

«Барлығы 2010 жылы «Степногор тау-кен-химия комбинаты» ЖШС Анисимов-Клебанов тобының бақылауына өтуінен басталды. Сол жылы Анисимов пен Клебанов «New Power Systems LTD» компаниясының «Кен Дала.KZ» АҚ жерүсті инфрақұрылымы компаниясын, «Орталық тау-кен кәсіпорны» ЖШС-нің 100% үлесі түрінде рейдерлік жолмен басып алуға қатысқан. Бұған дейін үкімет «Кен Дала.KZ» АҚ компаниясының жер қойнауын пайдалану жөніндегі лицензиясын біржақты тәртіппен қайтарып алған болатын. Алайда жеке инвестор жерүсті инфрақұрылымын толығымен салып қойған», – дейді Әмірханов.

Кәсіпкердің айтуынша, ол – Мұхтар Жәкішевпен байланыста болған Евгений Чарышкин деген кәсіпкер. Ол туралы Клебановтың өзі айқан. Клебанов сол кезде кәсіпкердің үлесін беруге «ықпал етуі» үшін түрмеде жатқан Мұхтар Жәкішевке арнайы кіріп шыққан.

«Клебанов «New Power Systems LTD» бенефициарына «Орталық тау-кен кәсіпорны» ЖШС-нің үлесін беруге ықпал етуін сұрап Мұхтарға колонияға барған. Нәтижесінде, бұл активті, жеке компаниядан «сығып алады» және Клебановтың айтуынша, құжаттар пакетін оларға елбасы өз қолымен тапсырған. Оның сөзіне сенсек, дәл сол кезде Анисимов екеуі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-пен үлесі 51% және (СТКХК) «Степногор тау-кен-химия комбинаты» ЖШС-мен үлесі 49% болатын бірлескен кәсіпорын құруға елбасы келісімін алған. Бұл ретте «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК Буденовское кен орнының №6 және 7 учаскелеріне геологиялық барлау жүргізу құқығын үлес ретінде қосқан», – дейді ОАЭК экс-басшысы.

«Формальды түрде Клебанов пен Анисимов шикізатпен қамтамасыз ету керектігін, уран-оксиді туралы, СТКХК қуатын арттыру жайлы айтып жүрген және құжаттарда жылына 2200-2300 тонна шикізат туралы есептер келтірілгенін» айтады кәсіпкер.

«Ал шын мәнінде, бұл көлем өскен. Қазірдің өзінде солай, 2021 жылы бұл көрсеткіш жылына 6 мың тонна өнімге дейін артқан. Мен бұл үрдісті сырттай бақылап отырып, «Қазатомөнеркәсіптің» топ-менеджменті не себепті жиі ауыса бергенінің себебін түсіндім, олар бұл қитұрқы «жекешелендіруге» қатыспау үшін көп тұрақтамайды. Мұнда мынаған назар аудару керек, шын мәнінде Буденовское кен орнының № 6 және 7 учаскелері бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу құқығы бірлескен кәсіпорынға тегін берілген, яғни «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-дан жарғылық капиталға салым ретінде алған!!! Кеніштің сол кездегі уран қоры Р2 категориясымен 70 мың тоннаны құраған! Сонымен бірге, бірлескен кәсіпорын құру туралы барлық құжаттарда СТКХК-нің осы аумақтарды түпкілікті геологиялық барлауды қаржыландыруды қамтамасыз ету міндеті атап өтіледі. Әрине, Анисимов-Клебанов геологиялық барлауға қаржы бөлді деп ойлаймын, бірақ бұл соманың активті сатып алу сомасымен тең түсуі екіталай…» дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер сондай-ақ «барлық құзырлы органдарданың 2015 жылы осы бірлескен кәсіпорынды құру рәсімдері аясында мемлекеттің басым құқыққа ие болуы керектігі жөніндегі өз қорытындыларын Ведомствоаралық комиссияға тапсырғанын» атап өтті.

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қорытындысында «егер ««СТКХК» ЖШС өз үлесін үшінші тұлғаларға сатпауға келіссе және шарттық міндеттемелерді орындау міндетін өзіне алса, ҰҚК бірлескен кәсіпорын құру мүмкін екені» жазылған. Бұл – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің осы бірлескен кәсіпорынды құру туралы қорытындысынан алынған үзінді. Менде бұл есептің көшірмесі бар. Бірлескен кәсіпорынды Клебанов-Анисимов өз мақсаттарында пайдаланған кездегі жағдай осындай болды… Бұл істің қандай қитұрқылықпен жүзеге асқанын қазақ жұртшылығы білуі керек», дейді Әмірханов.

Еске сала кетсек, әлем бойынша уранға бай кеніштердің бірі – «Буденовское» «Росатомның» меншігіне өтіп кетті. Шыны керек, мұндай келісім қашан, қандай жағдайда жасалғанын қазақстандықтар білмеді.

«Буденовское» кеніне келсек, Түркістан облысы, Созақ ауданында орналасқан бұл кен орны сонау Кеңес өкіметі тұсында зерттелген. Ал «Буденовское» бірлескен кәсіпорны №6 және №7 кеніштерін қазуға 2020 жылдың 16 қазанында рұқсат алған. Келісім бойынша қазу жұмыстарын жүргізу мерзімі 2045 жылдың күзіне дейін ұзартылған.

Бұл кеніштің әлеуеті зор. Energy Analytics Telegram-каналының авторы, сарапшы Абзал Нарымбетов кен орны уран қоры бойынша ең ірі кеніш саналатынын, әлемде екінші орында тұрғанын айтады. Автордың зерттеуіне сенсек, Буденовское кенішінің жыл сайынғы қуаты 6 мың тоннаны құрамақ. Өндіріс іске қосылғаннан кейін кеніш өндіріс көлемі бойынша әлемде екінші орынға шығады. Бұл кеніштің кен байлығы мұнай өндірісі бойынша алда тұрған Гавар кен орнымен пара-пар келеді екен.

Ал сатып алу мәмілесіне келер болсақ, 2022 жылдың желтоқсанында «Росатом» «Газпромбанктің» несие желісі бойынша «Буденовское» БК-ның 49% үлесін 1,6 миллиард долларға сатып алады. Алайда бұл ақпарат ұзақ уақыт бойы көпшілікке жарияланбады. Халық «Росатомның» қазақ жеріндегі кенішті сатып алғанын жақында ғана білді. Сату фактісі «Қазатомөнеркәсіптің» 2022 жылға арналған жиынтық есебі жарияланғанда бірақ белгілі болды.