Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қайрат Боранбаевты 6 жылға бас бостандығынан айырды.
«Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі – 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына мүлкін тәркілеп, 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді сот алқасының төрағасы Айсұлу Сламбекова.
Боранбаев пен Наханов өмір бойы мемлекеттік қызметті атқара алмайды. Сондай-ақ судья болу, жергілікті басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның құрамындағы ведомстволарда, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет ету құқығынан айырылды.
Тайыр Жанұзақ қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметті атқару, судья болу, жергілікті басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның құрамындағы ведомстволарда, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет ету құқығынан айырылды.
Қазақстан президентіне Қайрат Боранбаевты «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат», III дәрежелі «Барыс» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізіледі.
Сот үкіміне сәйкес Боранбаевтың меншігіндегі Алматы қаласы әл-Фараби көшесінде орналасқан құны 686 млн теңге болатын коммерциялық нысан мен жер учаскесі, «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 1 млрд 270 млн 190 мың теңге және «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 5 685 727 доллар, 1 170 329 доллар, 775 859 601 теңге, 193 170 137 теңге мемлекет пайдасына тәркіленеді.
Роман Нахановтан мемлекет пайдасына «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 1 млн доллар, Астанадағы үш пәтері өндірілді.
Тайыр Жанұзақ қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметті атқару, судья болу, жергілікті басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның құрамындағы ведомстволарда, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет ету құқығынан айырылды.
ҚАЙРАТ БОРАНБАЕВ ІСІ
2022 жылдың 30 желтоқсанында Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты басты сот талқылауы басталды.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Қайрат Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен бірге 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 11 ақпанына дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген. Компания АҚ-мен 2 млн 26 мың 419 текше метр көлемінде жалпы сомасы 141 681 676 272 теңгеге газ жеткізуге келіскен.
«Жанұзақ жағдай жасап, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-дан «АзияГазЧунджа» ЖШС-ның «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы шотына газ жеткізгені үшін қосымша құн салығын қосқанда 141 681 676 272 теңге аударылған. «QazaqGaz» ҰК» АҚ көрсетілген көлемдегі тауарды тікелей «Газпром-экспорт» арқылы 1000 текше метрі үшін 145 АҚШ доллары бағасына 127 116 358 270 теңгеге алады. Осылайша Жанұзақ Серді, Боранбаев және Наханов 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 23 қаңтарына дейінгі аралықта 14 565 318 010 теңге сомасына мемлекет қаражатын жұмсаған», – деді мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайрулла сот процесі барысында.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, сотталушылар тауарды арзанға алуға болатынына қарамастан, «АзияГазЧунджа» ЖШС арқылы қымбатқа сатып алған.
Алайда айыпталушылар Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ сот процесі барысында айыптау актісімен келіспеді.
Прокурор Қайрат Боранбаевты мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты Қайрат Боранбаевқа қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды. Содан кейін қазақстандық кәсіпкер тергеумен процессуалдық келісімге келуге өтінішхат жолдады.