Рұқсат қағаздары жоқ: Алматы әкімдігі құрылысы күмәнді тұрғын үй кешендерінің тізімін жариялады

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Алматы қаласындағы құрылысы күмәнді, рұқсат құжаты толық емес тұрғын үй кешендерінің тізімі жаңаланды.

Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметі бойынша, қаладаңы бірнеше құрылыс нысанының не сараптамасы, не рұқсат қағазы жоқ.

Алматының Бостандық ауданында салынып жатқан «Бағанашыл» ТК-нің сараптама қорытындысы жоқ, ҚМЖ басталғаны туралы хабарлама жіберілмеген. Үй салынып жатқан жер бау-бақша өсіруге арналған. Басқарма бастапқы құжаттардың күшін жоюға талап арыз берген.

Медеу ауданында бой көтерген «Priority» клуб үйінің де сараптамасы, ЭЖ жоқ, құрылыс-монтаж жұмыстары басталғаны жайлы хабарлама жіберілмеген. Тапсырыс беруші – жеке тұлға. Бұл Тұрғын үйге қатысты нұсқама беріліп, ӘҚБтК-нің 316-бабы 1-бөлігі бойынша шаралар қабылданған.

Наурызбай ауданы, Қарағайлы шағын ауданында салынып жатқан «Sofia Village» таунхаусы да құжаты толық емес құрылыстар қатарында. Үй салынып жатқан жер жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге арналған. ҚР ӘҚБтК-нің 316-бабы 1-бөлігі бойынша шаралар қабылданды және құқық бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Алатау ауданында салынатын «Питтсбург» ТК-нің де еш рұқсат қағазы жоқ. Орналасқан жері өнеркәсіптік және өндірістік ғимарат салуға арналған. Бұл нысанда әлі құрылыс-монтаж жұмыстары басталмаған.

Медеу ауданындағы «Sky Park» ТК-не не сараптама жүргізілмеген, СЖТ, ЭЖ жоқ, құрылыс басталғаны жайлы хабарлама бермеген. Бұл объектіні кейіннен кәдеге жарату бойынша жұмыс жүргізу шешімі бар.

«Жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын Whatsapp желісіндегі +7 705 89 66 000 анықтамалық нөмірі бойынша Қала құрылысын бақылау басқармасы арқылы салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құжаттар пакетін толық тексеруді ұсынамыз», дейді басқарма.

Бұған дейін Достық даңғылы 170/1 мекенжайындағы тұрғын үй кешенінде пәтерлерді сату туралы хабарландыру анықталып, тексеру барысында құрылыс мақсаты басқа ғимараттың баспанаға айналғаны тіркелді. Осылайша әкімдік бұл жағдайдың заңсыз екенін алға тартты. 

Сонымен қатар, Алматыда заңсыз салынып жатқан үш тұрғын үй кешені анықталған. Қала құрылысын бақылау басқармасы мәліметінше, ORDA CITY тұрғын үй кешеніDostar Deluxe тұрғын үй кешені мен Verona тұрғын үй кешенінің құрылысқа қажетті құжаттары толық емес.

Алматы қаласындағы заңсыз құрылыстарға кінәлі деген күдікпен урбанистика басқармасының басшысы ұсталған болатын.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1 шілде күні Алматы қаласының жер және қала құрылысы салаларында жемқорлық тәуекелдерін анықтағанын хабарлады. Онда әкімдіктің лауазымды адамдары жердің нысаналы мақсатын өз қалауы бойынша өзгертіп отырғаны туралы айтылған.  Осындай олқылықтар нәтижесінде «Сібір жарасы» көмілген аумаққа жақын маңға тұрғын үй кешені салынып кеткен.

Тексеріс барысында қала құрылысы құжаттамасының жер учаскелерінің нысаналы мақсаттарына сәйкес келмегені, құрылыс объектілерінің келісілген жобалау құжаттамасынан ауытқуы анықталған. Нәтижесінде Алматының таулы аймақтарында 52 заңсыз нысан салынғаны белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз