Теңіз кен орнын кеңейту кейінге шегерілуіне байланысты жоба құны қымбаттай түседі – сарапшы

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Chevron компаниясының Теңіз кен орнын кеңейту жобасының толық іске қосылуы 2024 жылдың соңына дейін шегеріледі, деп хабарлайды Bloomberg мұнай компаниясына сілтеме жасап.

Басылым дерегінше, жобаны тапсыру мерзімінің өзгеруі соңғы 45 миллиард долларды игеру кезеңдерінің кешігуіне байланысты.

Осылайша, өндірісті 260 мың баррельге немесе тәулігіне шамамен 40%-ға арттыруға тиіс жобаның толық іске қосылуы тағы алты айға шегерілді.

«Байділдинов. Мұнай» авторлық бағдарламаның жүргізушісі, энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі Олжас Байділдиновтың айтуынша, кешігудің нәтижесінде жоба құны бастапқыда белгіленген сомадан арта түседі.

«Уақыттың кейінге жылжуы жоба құнының өсуіне алып келеді, өйткені ресурстар мен уақыт жұмсалады. Әрине, жоба құны артады. Мәселен, Теңіз кен орнындағы өндірісті кеңейту бойынша болашақ жобаның сметалық құны 12 миллиард доллардан басталғанын, кейін ұңғыма сағасының қысымын басқару бағдарламасын ескере отырып, сметалық құны 25 миллиард долларға дейін ұлғайтылды», – деді сарапшы.

Ал компания орын алған өзгерістердің жобаға әсерін алдағы бірнеше ай ішінде бағалайтынын хабарлады.

«Теңізшевройл кестені жылдамдату үшін шаралар қабылдауда. «Теңізшевройл» жобаның қауіпсіз әрі сенімді іске қосылуына баса назар аударып отыр. «Chevron» бұл әрекеттердің жобаның орындалу барысына әсерін алдағы бірнеше ай ішінде бағалайды», – деп түсіндірді компанияда.

Еске сала кетсек, бастапқыда жоба құны 12 миллиард долларды құрады. Кейіннен бұл көрсеткіш 37 миллиард долларға жетті, ал Үкіметтің 2023 жылдың сәуірінде жарияланған мәліметтері бойынша, кеңейту жобасы қазірдің өзінде шамамен 47 миллиард долларға бағаланды.

Chevron Corp. екінші тоқсанда таза пайданың 1,9 есеге, яғни 6,01 миллиард долларға немесе бір акция үшін 3,2 долларға дейін азайғанын хабарлады. 2022 жылдың осы кезеңінде таза пайда 11,62 миллиард доллар немесе бір акцияға 5,95 долларды құраған.
Компания 2,8 млрд доллар дивидендтер төледі және 4,4 млрд доллар өз акцияларын сатып алды (екінші тоқсанда 27 млн акция және жыл басынан бері 50 млн акция).

2021 жылы ҚР Энергетика министрлігі мен «Chevron» компаниясы арасында Қазақстанда 248,5 млн доллар көлемінде тікелей инвестициялар қорын құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл қаражатқа компания «Теңізшевройл» келешек кеңейту жобасын іске асыру, Қарашығанақ жобасын кеңейту және Каспий құбыр консорциумының қуатын арттыру сынды перспективалық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

«Теңізшевройл» компаниясының қатысушылары – «Chevron» – 50%, Exxon Mobil – 25%, «ҚазМұнайГаз» – 20% және Лукойл – 5%.

«Chevron» – Теңіз (50%), Қарашығанақ (18%) және Каспий құбыр консорциумы (15%) жобаларында активтері бар Қазақстандағы аса ірі шетелдік инвестор.

Сондай-ақ оқыңыз