Жаңалықтар

Байден Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездеседі

АҚШ президенті Джо Байден келесі аптада БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында бірқатар мемлекет басшыларымен, соның ішінде Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездеседі, деп хабарлады Байденнің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан брифингте.

Оның айтуынша, 19 қыркүйекте Байден Бас Ассамблеяда жыл сайынғы үндеу жасайды және БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен кездеседі.

«Президент сонымен қатар Орталық Азияның бес елі – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан президенттерімен кездесу өткізеді», – деп жалғастырды Салливан.

20 қыркүйекте Байден бразилиялық әріптесі Луис Инасио Лула да Силвамен және Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен екіжақты кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

Содан кейін АҚШ президенті Нью-Йорктен Вашингтонға оралады, онда 21 қыркүйекте Украина президенті Владимир Зеленскийді қабылдайды.

«Бұл олардың Ақ үйдегі үшінші кездесуі болады», – деп еске алды американдық көшбасшының кеңесшісі.