15 қыркүйек күні кешкі мезгілде қазақстандықтар кабельдік және OtauTV спутниктік хабар тарату желісі арқылы көрсетілетін телебағдарламалардың тоқтап қалғанын байқаған еді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі оған ғарыштағы KazSat-3 құрылғысы батареяларының қуаты таусылуы себеп болғанын хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, Жер мен Айдың көлеңкелі учаскелерінен ұзақ уақыт бойы өту барысында ғарыштағы KazSat-3 байланыс құрылғысы батареялық блоктарының қуаты таусылған.
«Салдарынан спутниктік теле-радиохабар тарату мен спутниктік дерек жеткізу қызметтері уақытша тоқтады. «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ мен ғарыш құрылғысын әзірлеуші «Академик М.Ф. Решетнев атындағы ақпараттық спутниктік жүйелер» АҚ мамандары бірлесіп аталған қызмет түрлерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде», деп хабарлады ЦДИАӨМ мамандары.
Айта кету керек, «Академик М.Ф. Решетнев атындағы ақпараттық спутниктік жүйелер» АҚ акцияларының 80%-ы «Роскосмос»-қа тиесілі ресейлік компания.
Ол телехабар тарату, ретрансляция, навигация ғарыштық байланыс құрылғыларын шығарумен айналысады. Ресейдегі барлық ғарыштық құрылғылардың 2/3 бөлігін осы компания әзірлеген. 55 жылдық тарихы бар компания 1200 ғарыш құрылғысын және 40 тан астам ғарыштық жүйе мен кешен әзірлеп, қолданысқа берген.