Осы күзде елдегі ақбөкен саны 2,6 миллионға жетеді. Бұлайша популяцияның өсуі өңірлердегі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыруы мүмкін. Биылдың өзінде ақбөкендер елімізге 12 млрд теңгеге жуық шығын әкелген.
Қазақстан киік популяциясын 2,6 млн-ға жеткізген жалғыз мемлекет
Жалпы елімізде 1999 жылдан бері киік санының күрт азаюына байланысты ақбөкендерді атуға 2024 жылға дейін тыйым салынған. Бірақ соңғы жылдары ақбөкендердің саны артқан. Осы жылдың көктемінде киіктердің популяциясына әуеден санақ жүргізілген. Санаққа сәйкес Орал ақбөкендерінің басы 1,13 млн-ға жеткен. Қазақстан бойынша ақбөкендердің жалпы саны 1,9 млн басқа жеткен. Ал күзге қарай төлдеу науқаны аяқталғанда ақбөкендер саны 2,6 млн-ға жетеді деп болжанып отыр. Жалпы Кеңес өкіметі тұсында киік басы ең көп дегенде 1,2 млн-ға дейін ғана көтерілген екен. Әлем бойынша ақбөкендер популяциясының 98%-ы Қазақстанды мекендейді. Яғни еліміз 300 мың бас киік санын 2,6 млн-ға көтерген. Мұның өзі жетістік дейді сарапшылар.
Алайда киіктер санының бұлайша артуы Батыс өңірлерде әлеуметтік шиеленісті арттыруда. Шаруалар талай рет ақбөкендердің егінін таптап кеткені жөнінде шағымданған. Егіннен бөлек жайылымдық жерлер мен су тапшылығы да арта түскен.
«Бір ересек ақбөкен күніне 7 кг-ға дейін азық пен 5 литрдей су тұтынады. Яғни, Жайық тобындағы 1,13 миллион киік, олардың көктемгі көбею санын ғана есептесек, күніне 8 мың тоннаға дейін жем мен 6 мың тоннаға жуық су тұтынады екен. Әрине, бұл шөлейттену мен малдың жойылуы, суару орындарының жоғалуы, эпизоотиялардың пайда болуы сияқты экологиялық тәуекелдерді айтарлықтай арттырады. Бұл да ақбөкендердің жайылымдар мен егістіктерге айтарлықтай әсерін тигізеді», дейді Биоценология және аң шаруашылығы зертханасының меңгерушісі Константин Плахов.
Ғалым мысал ретінде Скандинавия елдеріндегі жағдайды келтірді. Бұл елдерде шамамен әрқайсысында 300 мыңға жуық жабайы бұғы тіршілік етеді екен. Билік жыл сайын бұғылардың 100 мыңын аңшылыққа және тағы да басқа мақсаттарда пайдаланады.
«Бірақ одан бұғылар популяциясы азайып кеткен жоқ. Жыл сайын олар бұл көлемнің 30 пайызын пайдалануға жіберсе де, популяция сақталып отыр», дейді ғалым.
Ақбөкендерден келген шығын биыл 12 млрд теңгеден асқан
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, биылғы жылы шабындық және жайылымдық алқаптарға айтарлықтай зиян келтірілген. Атап айтқанда, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, БҚО өңірлерінде шамамен 122 мың га егіс алқаптары тапталған. Есептік шығын 12 млрд теңгеден асқан.
Бұл мәселенің күрделілігін ескере келе ақбөкен популяциясын реттеу мәселесі көтерілген. Реттеу шаралары халықаралық тәжірибеге сәйкес жүргізіледі. Яғни ғылыми негіздерге сүйене отырып, жануарлар дүниесіне зиян келтірместен киік санын азайту көзделеді. Қазіргі уақытта биологиялық негіздемеге сәйкес ақбөкен популяциясын басқару бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде, жақын арада бұл мәселе бойынша шешім қабылданады.
Шешім қабылданған соң, оларды ату тәсілімен емес, торға қамау жолымен азайту көзделеді. Яғни арнайы тордан қоршаулар жасап, қамап алып, содан кейін еті мен терісін, мүйізін тұрақты пайдалану арқылы азайту көзделіп отыр. Ғалымдар да, үкімет де киік санын азайтудың ең дұрыс жолы осы деп санайды.
CITES конвенциясы
Ғалымдар ақылдаса келе бұл жануарлардың етінен консерві жасау туралы шешімге келген. Кеңес одағы тұсында мұндай тәжірибе болғанын айтады сарапшылар. Мүйіз демекші, CITES конвенциясына сәйкес киік мүйізін сатуға тыйым салынған. Яғни Қазақстан киік мүйізін ел ішінде ғана пайдалана алады. Ал экспортқа, дәрі-дәрмек мақсатында шығару мүмкін емес. ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнің айтуынша, киік мүйіздерін арнайы мемлекеттік кәсіпорындарда сақталады. Қымбат мүйіздерді сақтау тиісті органдардың бақылауымен жүзеге асырылмақ.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің ғалымдары сонымен бірге киік популяциясын реттеу мақсатында оларды Қазақстанның әр өңіріне жерсіңдіру, қолға үйрету мәселелерін, тіпті қасқырлар популяциясын көбейту сынды ғылыми негіздер қарастырып жатқанын айтты. Алайда қасқырлардың санын арттыру шаруаларға тағы зиян. Соның ішінде Батыстағы киік үйірін, Шығыс Қазақстанға айдау мәселесі қарастырылуда. Бірақ ұзақ шақырымдарға созылып жатқан даламен киіктерді айдап Шығысқа көшіру оңай шаруа емес. Ғалымдардың айтуынша, киік жануары отанына адал, үйренген жерінен алысқа ұзамайды. Дегенмен, киіктердің ақырындап басқа облысқа көшуі байқалған.
«Бетпақдала киіктері ақырындап Абай облысына көшіп жатқанын байқадық. Бірақ салынып жатқан автожолдар, құбыр жолдары олардың көшуіне кішкене кедергі келтіруде. Бірақ болашақта кең қазақ даласына киік популяциясын таратып тастау мүмкін екенін айтқымыз келеді. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің ғалымдары осы мақсатта жұмыс жүргізіп жатыр», дейді «Охозоопром» ӨБ” РМҚК бас директоры Марлен Айнабеков.
Енді билік олардың санын қаншаға азайту керектігін шешуі керек. Қазіргі таңда олардың санын 10% немесе 20%-ға қысқарту мәселесі зерттеліп жатыр.