Астанада көпқабатты үйлердің орнына қоғамдық кеңістіктер салынып жатыр. Бұл туралы өз парақщасында қала әкімі Жеңіс Қасымбек жазды.
Әкімнің айтуынша 20 жуық тұрғын үй салынуы тиіс орындар қайта қаралып, әлеуметтік нысандарға ауыстырылған.
«Көпқабатты тұрғын үй кешендері салынуы тиіс 20-ға жуық учаскеде әлеуметтік нысандар ашылады. Олардың орнына – мектептер, емханалар, қоғамдық орындар (гүлзарлар, желекжолдар, аулалар), балабақшалар салынады», деп жазды әкім.
Мәселен, Р.Бағланова көшесі мен Тұран даңғылының қиылысында жекеменшік құрылыс салушы тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған.
Осы мәселеге байланысты жақын маңдағы үйлердің тұрғындары өтініш білдірген соң әкімдік орнына саябақ салу туралы шешім қабылдаған. Жаңадан ашылған қоғамдық орын енді тұрғындардың демалыс аймағына айналған.
Сонымен қатар, Есіл өзенінің жағасында, Косыгин көшесінің ауданында егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізіліп, көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің орнына саябақ ашылады. «Copenhagen» ТК ауданында да көппәтерлі тұрғын үй емес, гүлзар ашылмақ. Сонымен бірге «Nova City» ТК ауданында – балабақшаға, «Городской романс» ТК ауданында – мектептің жаңа ғимараты, балабақшаға, гүлзарға және т.б. әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылмақ.
«Биыл қаңтар айынан бастап қалада инженерлік желілер жоқ орындарға бас жоспардан тыс жаңа құрылыс салуға рұқсат берілмейді», деп ескертті Жеңіс Қасымбек.