Астанада үлескерлерден 4 млрд теңге жинап алған құрылыс компаниясының басшылары ұсталды

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
жк
Фото: shutterstock; pixabay

Астанада «R-Club» және «R-Club Deluxe» ТҮК-ін салып жатқан құрылыс компаниясының басшылары ұсталды. Оларға алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Олар үлескерлерден 4 млрд теңге қаржы жинап алған.

Бас прокуратура таратқан ақпаратқа сәйкес, «R-Club» және «R-Club Deluxe» ТҮК үлескерлерінің ұжымдық арызы негізінде қылмыстық іс қозғалған.

Үлескерлерден 4 млрд теңгеден астам қаражаты тартылғанымен, іс жүзінде құрылысқа бар-жоғы 900 млн теңге жұмсалған. Салып жатқан үйді 2022 жылдың соңында бітіруі тиіс болған. Алайда құрылыс нысаны әлі салынып бітпеген.

«Құрылыс компанияларының басшылары ұсталып, оларға «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – делінген хабарламада.

«Крыша» сайтында «R-club Deluxe» ТҮК-дегі пәтерлердің шаршы метрі 650 мың теңгеден басталатыны жазылған. Құрылыс компаниясы ретінде «Русалдинг line» ЖШС көрсетілген.

egov.kz порталының дерегіне сәйкес, компания директоры Зәуре Байсейітова болса, құрылтайшысы ретінде Динара Достаева деп көрсетілген.

Бұған дейін үлескерлерден 606,5 млн теңге заңсыз жинап алғандардың үстіне қылмыстық іс қозғалғанын жазғанбыз.

Соңғы екі жыл көлемінде үлескерлікке қатысты 20 қылмыстық іс қозғалып, 16 тұлға сотқа тартылған. Құрылыс салушылардың азаматтарға келтірген шығыны 30 млрд теңгеден асқан. Азаматтардан қаржыны заңсыз жинағаны үшін 300-ден астам компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 250 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, нарықтың 28 пайызы ғана заңды бағытта жұмыс істеп жатыр.

Осыған орай құрылыстың бастапқы сатысындағы үлескерлердің ақшасын қабылдауға тиісті рұқсаты жоқ құрылыс ұйымдарының тізімі жасалған.

Сондай-ақ оқыңыз