Астанадағы Kaspi bank бөлімшесіне шабуыл жасаған ер адам 7,5 жылға сотталды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

2023 жылдың 18 маусымында Астанадағы Kaspi bank бөлімшесіне шабуыл жасаған ер адамға сот үкімі шықты.
Істі қараған Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Абинур Қарабаев Әлихан Мурадовтың кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді.
Сот үкімімен Мурадов 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

«Әлихан Мурадов қылмыстық кодекстің 261-бабы 2-бөлігі, 4 және 8, 9-тармағы бойынша кінәлі деп танылсын және оған 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалсын», – деді судья Абинур Қарабаев.

Бұған дейін жарыссөз барысында прокурор оны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жазаны жеңілдететін жағдай ретінде айыпталушының кінәсін мойындауы және тергеуге көмектескені ескерілді.

Айта кетейік, 18 маусымда Астанада қаруланған ер адам банктердің бірінде қызметкерлерді кепілге алған. Полиция кейіннен шабуыл жасаған ер адамды ұстап, қызметкерлерді ғимараттан шығарды.

Бас прокуратураның мәліметінше, бұрын бірнеше мәрте қылмыстық жауапқа тартылған 1993 жылғы Жамбыл облысының тумасы Мурадов 2013 жылдан есірткіге тәуелді адамдар есебінде тұр.

Ішкі істер министрі Kaspi bank бөлімшесіндегі адамдарды кепілге алған күдікті бұрын ұрлық және алаяқтық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз