Инфляцияның өсуіне әкеп соғады: Кәсіпкерлер палатасы қосымша құн салығын өсіруге қарсы

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: www.shutterstock.com

«Атамекен» ҰКП сарапшылары еліміздегі ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін өсіру инфляцияның жоғарылауына әкеп соғады деген пікірде.

Ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары және «Атамекен» ҰКП жаңа салық кодексінің жобасына ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының басшысы Тимур Жаркеновтың айтуынша, «Атамекен» бизнес-қоғамдастықтың басым бөлігімен бірлесіп, ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге үзілді-кесілді қарсы. Бұл шара тауарлар бағасының күрт өсуіне, инфляцияға және шағын бизнестің орта, ал орташа бизнестің іріге айналуына жол бермейді.

 «ҚҚС мөлшерлемесін өсіруге болмайды. Ашық жұмыс істеген кәсіпкерлер әрі қарай да ашық жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал көлеңкеде жұмыс істегендер сол жерде қалып қояды. Ортада тұрғандар сұр аймақты таңдайды. Осылайша Президенттің шағын бизнестің орта бизнеске айналуына қатысты тапсырмасы орындалмай қалады», – деді ҰКП өкілі.

Еске салсақ, жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді ұсынды.

Кодекстің жаңа жобасы 2024 жылдың бірінші тоқсанында парламент талқысына ұсынылады деп жоспарланған. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС-тың минималды шегі 20 мың АЕК (1 АЕК – 3450 теңге) болып бекітілген еді.

Жақында Ұлттық экономика министрлігі «Ашық НҚА» порталында консультативтік құжат жариялады. Құжат барысында қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру, корпоративті табыс салығының әртараптандырылған ставкасын енгізу, жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкаланы енгізу (тапқан табысына орай салық бөлінісін әділ қамтамасыз ету), арнайы салық режимін реформалау, табак өнімдеріне акциз ставкасын кезең-кезеңімен арттыру, жер және мүлік салығы мәселелері қарастырылған.

Министрліктің өкілдері ұсынылып отырған мөлшерлеменің ұлғаюы бюджетке қосымша түсімдер әкеледі, сондай-ақ көрші елдерден әкелінетін тауарлармен салыстырғанда отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп санайды. Бұл мөлшерлеме 2025 жылдан бастап қолданылады деп күтілуде.

Бұл ретте бизнес-қоғамдастық бұл тұжырыммен келіспейді. Бұған қатысты өз пікірін кәсіпкер, Учет.кз құрылтайшысы  Максим Барышев айтты.

«Бұған жол бермеу керек. Бұл шара өсуге емес, Қазақстан Республикасындағы бүкіл кәсіпкерліктің құлдырауына әкеледі.  Оның үстіне қосымша құн салығының мөлшерлемесін осылай тез өзгертуге болмайды. Өйткені 2025 жылға бір жыл ғана қалды», – деді Максим Барышев.

Бүгінде Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш Ресей, Беларусь, Армениямен салыстырғанда төмен. Бұл елдерде салық мөлшерлемесі 20 пайызға тең. Салық кодексінің жобасын 2024 жылдың бірінші тоқсанында Парламент қарауына жіберу жоспарланған.

 2023 жылдың 6 айында Қазақстанның мемлекеттік бюджеті 11,38 трлн теңгені құрады, бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңінен 14,8%-ға артық болған. Оның басым бөлігін салық құрап отыр. Ал салық түсімдерінің құрылымында ҚҚС және КТС басым, олардың үлесіне 2023 жылдың 6 айында тиісінше 29,3% және 26,8% салық түсімдеріне тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз