Инвестиция тарту бойынша жылдық жоспар небәрі 52%-ға орындалған: Смайылов мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын сынға алды

Жарияланды
Фото: Үкімет үйі

Инвестиция тарту бойынша жылдық жоспар небәрі 52%-ға орындалған. Осыған байланысты Инвестициялық штаб отырысында ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын сынға алды.

8 ай ішінде капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 9,6 трлн теңгені құраған. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша бұл өткен жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда 12,2%-ға артық. Инвестициияның көп бөлігі тау-кен өнеркәсібіне, жылжымайтын мүлік секторына, көлік және қоймалауға, өңдеу өнеркәсібіне тартылған. 20 өңірдің 13-і межелі міндетті асыра орындады, оның ішінде Маңғыстау, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды облыстары, Шымкент қаласы және басқа да өңірлер бар.

Ал жалпы жыл соңына дейін негізгі капиталға ең кемі 18,5 трлн теңге инвестиция тарту қажет. Премьер-министр жылдық жоспардың небәрі 52%-ға орындалғанын айтты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысын тіркелген. Бұл өңір есепті кезеңде белгіленген жоспардың небәрі 54%-ын орындаған.

«Бізге жоспардың келесі жылы емес, биыл орындалғаны қажет. Егер инвестициялар биыл тартылатын болса, онда біз нәтижесін келесі жылы көреміз. Ал, мәселе келер жылы шешілсе, жоба тек 2 жылдан кейін ғана нәтиже береді. Оны күтіп отыратын уақыт жоқ. Нәтижені халық қазір көруі тиіс. Жұмыс орындары қазір керек», деп сынады Үкімет басшысы.

Кейбір инфрақұрылымдық жұмыстардың аяқталмауы салдарынан жалпы құны 11 млрд теңге болатын қара мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдеу зауытын іске қосу кешіктірілген. Бұл өз кезегінде бүкіл аймақтың экономикалық дамуына кедергі келтіріп отыр. Осы орайда Үкімет басшысы Ұлытау облысы әкімінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.

«Бұл мәселе осыдан 2-3 жыл бұрын белгілі болды. Берік Әбдіғалиұлы, бұл басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жатса да, сіздің тарапыңыздан тиісті үйлестіру жұмыстары жүргізілуі керек еді. Инвестициялық штабтың әрбір отырысында инвестициялар тарту жұмыстарын күшейту туралы айтып келеміз. Алайда, жұмыс қарқыны өте баяу. Жоспарланған жобаларды іске асыру бойынша нақты нәтиже жоқ. Сіздің тарапыңыздан белсенді іс-қимыл көрінбейді. Жұмысқа деген көзқарасыңызды дұрыстаңыз, адамдарды нақты проблемаларды шешіңіз, ұйымдастырыңыз», деді Премьер-Министр.

Бұл орайда оңтүстік мегаполис – Алматыда да бірқатар инвестициялық жобалар тоқтап қалған. Жалпы, биыл жоспар орындалмай, қаланың нақты экономикасына 200 млрд теңгеден астам қаржы салынбаған. Премьер-министр қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров жасаған баяндаманы да сынға алды.

«Сіз мәселенің тігісін жатқызып, әдемі баяндайды екенсіз, бірақ фактілер мен сандар басқаша «сөйлеп» тұр. Сіздің мәлімдеуіңізше инвестициялар бойынша нақты көлем индексі 100,1%-ды құрайды, ал, іс жүзінде өткен жылдың деңгейінде тұр. Бұл әлі күнге алға жылжу жоқтығын білдіреді, яғни өткен жылмен салыстырғанда өсім жоқ. Жұмысты күшейтіңіз. Сіздерде бірқатар инвестициялық жобалар тоқтап тұр. Оларды іске асыруды жеделдетіп, пайдалануға беріңіздер. Келесі жылды күтпей, биыл нәтиже көрсетуіміз керек», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр министрліктер мен әкімдіктердің шетелдік инвесторлардың мәселелерін шешуге жеткілікті көңіл бөлмейтінін де сынға алды.

«Жаңа жұмыс орындарын ашуға және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға қатысты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін ретке келтіру керек», ​​— деді ол.

Жиын соңында Үкімет басшысы СІМ-нің Қазақстанға ірі инвесторларды тартудағы үйлестіруші рөлін күшейтуді, Kazakh Invest ұлттық компаниясы мен республиканың шет елдегі мекемелерінің жұмысын жандандыруды, сондай-ақ министрліктер мен әкімдіктер деңгейінде қажетті шешімдерді жедел қабылдауды талап етті.

Сондай-ақ оқыңыз