ArcelorMittal Temirtau-ға қарасты «Қазақстан» шахтасындағы өрт: кінә жұмыс берушіде

Жарияланды
Фото: kursiv.media

«Қазақстан» шахтасындағы өрт себебін тексерген комиссия жұмыс берушінің 100 пайыз кінәлі екенін анықтады. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты.

Өрт неден шықты? Жалпы, өрттің конвейер таспасынан шыққаны айтылып келді. Комиссия қорытындысы бойынша таспа роликтері деформацияланған. Сол бөлікте үйкеліс пайда болып, механикалық жылу шамадан тыс тиелген көмірге беріліп, өртенген. Сарапшылардың айтуынша, таспа үйкелісі кезінде ондағы температура 800 градусқа дейін жетеді екен, ал көмірдің қышқылданып, тұтануына 50 градус жеткілікті. Міне осы жағдайлар өрттің шығуына себеп болған.

«Өздеріңіз білетіндей 17 тамызда «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясының көмір шахтасында апат болды. Өкінішке қарай 5 кенші қаза тауып, 16 кеншінің денсаулығына зиян келтірілді. Бұл апатты мемлекеттік комиссия зерттеп, сараптама қорытындысын шығарды. Біріншіден, конвейер таспасындағы өртке роликтердің деформациясы себеп болған. Нәтижесінде таспа үйкелісінен механикалық энергия жылу энергиясына ауысқан. Екіншіден, «Қазақстан» шахтасының инженерлік-техникалық қызметкерлері тарапынан өндірістік бақылаудың болмауы да өртке себеп болған. Сондай-ақ, комиссия қауіпсіздік ережелерінің сақталмағанын, энерго-механикалық қызметке бақылаудың әлсіздігін анықтады. Үшіншіден, қауіпсіздік талаптары мен техникалық регламенттер бұзылған. Атап айтқанда, таспаларда сәйкестік сертификаты болмаған. Сонымен бірге жұмыс аймағындағы шаңның көтерілуі шамадан тыс толған және жану өнімдері мен кен қазбаларынан ауаны ластануы шахта жұмысшыларының өліміне әкеліп соқты», деді Төтенше жағдайлар министрі.

Сертификатсыз таспа қандай зауытта дайындалған? Сырым Шәріпханов конвейер таспасының сәйкестік сертификаты болмағанын айтты. Бір қызығы, таспаның қайда, қалай дайындалғанын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Виктор Гафиулов та білмейді. Әйтеуір, Үндістаннан келгенін біледі. Оны сол елдегі белгісіз бір компания жасаған. Яғни сертификатсыз дайындалған. Комиссия сарапшылары таспаның не себепті өртенгенін анықтау үшін шахтаға түсіп, конвейер таспасының бір бөлігін алған. Алынған материал Ресейдің Кемерово институтына талдауға жіберіліп, институт ғалымдары «бұл таспа орташа жанғыш материалдан жасалған» деген қорытындыға келген. Сонымен бірге соңғы екі апта бойы таспаларға лайықты қызмет көрсетілмегені де анықталған.

Шахтада басқа да талаптар бұзылған. Мәселен, еңбек заңнамасы орындалмаған. Нақтырақ айтсақ, шахтаның жұмысына жауапты мамандар саны жеткіліксіз болып шыққан.

«Жұмыс қорытындысы бойынша комиссия жұмыс берушінің 100 пайыз кінәлі екенін анықтады. Заң бұзушылыққа жол берген 28 жауапты тұлға анықталды. Болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін комиссия топтық жазатайым оқиғаның себептерін болдырмау үшін арнайы шаралар әзірледі», дейді Сырым Шәріпханов.

Кеншілерге қандай көмек берілді? Қайтыс болған кеншілердің отбасына компания тарапынан көмек көрсетілген. АМТ жерлеу рәсімін өткізуге көмектесіп, қайтыс болған әр кеншінің отбасына оның жылдық жалақысын 10 еселенген көлемде төлеген. Сонымен бірге қаза тапқан кеншілердің балаларына 18 жасқа толғанша қаржылай қолдау көрсетіліп отырады және ЖОО-ға оқуға түскенде де көмек қарастырылған.

Өрт қалай сөндіріліп жатыр? Шахтадаға өрт әлі тоқтамаған. Өрт сөндірушілер отқа ауаның баруын тоқтату үшін кеніште 25 гипс бөгетін тұрғызу туралы шешімге келген. Қазіргі таңда 18 гипс құрылысы аяқталып, 19-шы нысан тұрғызылып жатыр. Барлық нысан салынып болған соң, өрт ошақтарына ауа бармай, өрт сөнеді деп күтілуде.

Кімдер жауапқа тартылды? Полиция бұл іске байланысты 277 баптың 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, кінәлі адамдар тізімінде АМТ бас директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары – Мохан Винит, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ материалдық және техникалық жабдықтау жөніндегі басқарушысы – Покле Шайлендра мен Көмір департаментінің техникалық директоры Андрей Белый бар. Олардың жауапқа тартылған, тартылмағанынан Төтенше жағдайлар министрі бейхабар. Ал полиция әзірге нақты кімнің ұсталып, жауапқа тартылғаны туралы ақпарат берген жоқ.

Еске сала кетсек, 17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Өрт салдарынан 5 кенші опат болды.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты.

Ал Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын айтты. 

Содан кейін шахтаның Ресей компаниясына сатылатыны туралы ақпарат тарады. Бірақ Роман Скляр «АрселорМиттал Теміртауды» ресейлік «Северстальға» сату туралы қауесеттерге сене бермеуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз