фото: global.chinadaily.com
Еуропалық Одақ энергетика өнімдерін өндіру ісіне келгенде және литий-ионды батареяларды шығаруда Қытайға тәуелді болу қаупі бар деп санайды. Өйткені бұл бағытта қытай өнімдеріне қатты арқа сүйейді және оларға деген сұраныс алдағы жылдары артады, делінген ЕО көшбасшыларының кездесуіне дайындалған сараптамалық құжатта.
Егер Еуропалық Одақ нақты шаралар мен қажетті қадамдарды қабылдамаса, 2030 жылға қарай литий-ионды аккумуляторлар мен энергетика құралдарын өндіру ісінде Қытайға тәуелді болып қалатыны хабарланды. Бұл туралы 17 Қыркүйек, жексенбіде Reuters агенттігі хабарлады. Бұл хақында агенттік 2023 жылдың екінші жартысында ЕО кеңесін басқаратын Испания әзірлеген құжатқа сілтеме жасап жазған.
Реті келгенде айта кетейік, испандар дайындаған құжат 5 қазан күні Гранадада өтетін ЕО көшбасшыларының кездесуінде талқыланып, Еуропаның экономикалық қауіпсіздігі туралы пікірталастарға негіз бола алады. Құжат негізінде Еуропаның Қытайға шамадан тыс тәуелділігін сейілту, оның қаупін азайту және бұл бағытта Африка мен Латын Америкасымен байланысты нығайту қажеттілігі талданары сөзсіз. Аталмыш мәселелер бойынша Еуропалық комиссия өкілдері өз ұсыныстарын ортаға салмақ.
«Азды-көпті үнемдеу» тәртібі. Еуропаға энергияны сақтаудың соны әдістері қажет
Күн мен жел сияқты жаңартылатын энергия көздерінің құбылмалы сипатын ескере отырып, Еуропа 2050 жылға қарай көмірқышқыл газының нөлдік шығарындыларына жетуге тиіс. Құжат бұл мақсатқа жету жолында ЕО-ны тың шешім шығаруға, энергияны сақтау жолдарын іздеуге міндеттейді. Мұнымен қоса, энергия үнемдеуге көшу – литий-ионды аккумуляторларға, отын ұяшықтарына және электролизерлерге сұраныстың күрт өсуіне әкеледі, алдағы жылдары мұндай өнімдерді қолдану 10-30 есе артады деп күтіліп отыр.
ЕО электролизерлер өндірісіне, оларды құрастыруға келгенде шау тартпайды, дегенмен электр машиналарында қолданылатын Отын ұяшықтары мен литий-ионды батареяларды өндіруге келгенде Қытайға «күні түседі». Құжатта бұған қатысты:
«Еуропалық Энергетикалық экожүйе 2030 жылға қарай қатаң шаралар қолданбаса, Қытайға теліріп қалуы мүмкін. Бұл – Украинаға басып кірмей тұрып Ресейге тәуелді болғанымыз сияқты жағдай», – делінген құжатта.