Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 370 млн теңге қаражатты жымқырды деп күдіктелуде. Бұл жайлы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы қаласының прокуратурасы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын тексеру қорытындысы бойынша «Еңбек» бағдарламасы арқылы халықты жұмыспен қамтамасыз етуге бюджеттен бөлінген қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», делінген хабарламада.
Прокуратураның хабарлауынша, жұмыспен қамту орталығының мамандары азаматтарды жалған жұмысқа орналастырған. Солайша жалақыны жинау және жұмысқа орналастыруға жатпайтын адамдардың есеп шоттарына ақша аударып, өздері алып отырған. Олар жұмыс орындарын субсидиялауға бөлінген 370 млн теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдіктелуде. Қазіргі таңда бұл қылмыстық іс арнайы прокурорлармен тергеліп жатыр.