Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ағымдағы жылдың тамыз айында рейдтік іс-шаралар барысында жалпы сомасы 9,1 млн теңгені құрайтын алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымын анықтады. Заң бұзушылар алкоголь өнімдерін лицензиясыз және тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатсыз сатпақшы болған.
Барлығы 465 литр қолдан жасалған алкоголь өнімдері (халық арасында атауы «колхозка») және 961 бөтелке элиталық алкоголь анықталды.
Заң бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша материалдар жинақталып, процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Сонымен бірге, «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес этил спиртін және алкоголь өнімін сертификатсыз (және таңбасыз) өткізуге Қазақстан Республикасының аумағында техникалық регламенттеріне сәйкес тиым салынғанын ескертеміз.