Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидалары өзгерді. Тиісті құжат Ашық «НҚА» порталында талқыланып жатыр.
Әзірленген құжат бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібін айқындайды.
Бұйрыққа сәйкес 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымының қызмет көрсету аумағына кірмейтін білім алушыларды қабылдау білім беру ұйымында бос студенттер орындары болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
«Бұл құжат негізінде «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламалары бойынша оқыту үшін ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау және оқуға қабылдау» және «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдары арасында балаларды ауыстыру үшін құжаттарды қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер реттелмек», делінген құжатта.
Білім ұйымына қабылдау туралы өтініштер күнтізбелік жылдың 31 тамызға дейін ұзартылды. Ал қазіргі қолданыстағы құжат бойынша бұл мерзім 15 тамызға дейін бекітілген.
Сондай-ақ қолданыстағы құжатта бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарына оқудың күндізгі және кешкі нысанына қабылдау үшін – күнтізбелік жылдың 20 тамызынан кешіктірмей, 1 сынып үшін күнтізбелік жылдың 1 тамызына дейін, 10 сынып үшін күнтізбелік жылдың 15 тамызына дейінгі мерзім бекітілген болатын. Ал қазір мұндай талаптар алынып тасталмақ. Түсінгенімізше, өтініш қабылдау бәріне бірдей 31 тамызға дейін ұзартылады.
Құжат 3 қазанға дейін талқылауда болып, ресми жарияланған соң күнтізбелік 10 күн ішінде күшіне енеді.