Жаңалықтар

Шығын шаш етектен. Қазақстанда темір жол арқылы бидай әкелуге шектеу қойылады

фото: kursiv.media

Қазақстан 10 қазаннан бастап бидай тасымалдауға қатысты талап-шарттарды қатаңдатпақшы. Нақтырақ айтсақ, бидайды автокөлікпен жеткізуге тыйым салу мерзімін ұзартады. Мұнымен қоса, бидайды темір жол жеткізуге тыйым салу ережесін қолданысқа енгізеді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ауыл шаруашылығы департаментінің директоры Азат Сұлтанов.

Департамент директорының сөзіне сенсек, бидай жеткізуге қойылатын талап артады:

«Иә, 10 қазанда тек ұзартылып қана қоймайды (бидайды әкетуге тыйым салу), сонымен қатар талап қатаяды. Бидай алушыға қатысты арнайы шарттар қосылады. Шектеулер, ең көп дегенде, 6 айға енгізіледі», – деді Сұлтанов сейсенбіде өткен брифингте.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері бидайды автокөлік арқылы тасымалдауға шектеу қойылғанын, мұндай шектеу диқандардың өтінішімен жүзеге асқанын еске салды.

Бір ерекшелігі, мұндай шектеулер агрошаруашылық саласындағы небір «құйтұрқы қадамдарды» жасайтындарды тұсаулап, кәсіпкерлердің қызметіне көлеңке түсіретін әрекеттерге тоқтау салу мақсатымен қолға алынған.

Мұнымен қоса, енді 2023 жыл, қазан айынан бастап теміржол арқылы өзге елден келетін бидайға шектеу қойылады. Тіпті оның қатарында Ресей де бар, – деді арнайы өкілдер.

Сонымен қатар, министрлік бидай тасымалындағы ерекше құқық қандай жағдайда ескерілетінін санамалады. Бидай жеткізуге келгенде есепте тұрған, тіркелген, астықты сақтау және астық қолхаттарын жазу бойынша қызметтер көрсетуге лицензиясы алған азаматтарға басымдық берілетіні айтылды. Қайта өңдеу кәсіпорындары мен құс шаруашылықтарына қатысы болғандарға да тасымал үшін рұқсат етілетініні түсіндірілді.

Естеріңізге сала кетейік, тамыз айында Қазақстан Республикасының сырттан бидай әкелуге шектеу (6 ай көлемінде) енгізетіні мәлімделді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұйрығының тиісті жобасы «Ашық НҚА (нормативтік-құқықтық актілер)» сайтында орналастырылды.

Сондай-ақ, құжат ЕАЭО елдерінен және үшінші елдерден теміржол көлігімен Қазақстанға бидай әкелуге тыйым салуды көздейді. Бұл ретте лицензияланған элеваторлар, астық өңдеушілер және құс шаруашылығы кәсіпорындарына «ерекшелік» танытылады.

Құжат 2023 жылдың 11 қазанынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Баршамызға белгілі, бидайды автокөлікпен алты ай мерзімінде жеткізуге қатысты тыйым 2023 жылғы 10 сәуірден басталды. Қазақстанға заңсыз бидай әкелуге қарсы шара 10 қазанда аяқталады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бидайды заңсыз жеткізу салдары нарықтағы теңгермелікті бұзып, ас атасының құнын 2 есе төмендететінін айтады. Мұндай құйтұрқы импорттың көлемі жылына 1,5-2 миллион тоннаға жеткен, ал мемлекетке келтірілген жалпы шығыны жыл сайын 500 миллион долларға бағаланып отыр.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстан ресейлік бидайды автомобиль көлігімен тасымалдауға тыйым салуды 2024 жылдың 10 сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылданған еді. Бұл бидайды сұр схемамен экспорттауға тосқауыл болмақ.