Түркия мен Сауд Арабиясы: Tesla жетінші зауытын қай елде ашады?

Жарияланды
tesla
Фото: Pixabay

Сауд Арабиясы американдық Tesla компаниясымен Таяу Шығыс елінде өндіріс орнын салу туралы келіссөздер жүргізуде, деп жазады Интерфакс The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап.

Келіссөздер енді басталып жатыр. Эр-Рияд егер кәсіпорын өз елінде ашылса, қажетті шикізатты Конго Демократиялық Республикасынан жеткізіп отыратынын алға тартқан. Оның үстіне дүниежүзі бойынша кобальт қорының 70%-на осы ел иелік етеді.

Маусым айында Сауд Арабиясы жергілікті активтерді сатып алу үшін Конго билігіне жүгінген болатын. Сонымен қатар, Эр-Рияд Trafigura тауар трейдері арқылы Конгодағы мыс-кобальт жобасын қаржыландыруды қарастырып жатыр. Бұл Корольдіктегі Тесла зауытын шикізатпен қамтамасыз етуге көмектеспек.

Жалпы, Tesla кәсіпорнын ашуға сол аймақтағы біраз елдер үмітті. Мәселен, дүйсенбіде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған компанияның бас директоры Илон Маскпен кездесіп, зауыт салуға қолқа салғаны туралы ақпарат тарады. Кездесу барысында экономика, жаңа технологиялардың жай-жапсары сөз болып, саясаткер миллиардерді Түркияда жетінші Tesla электромобиль зауытын ашуға шақырды. 

Маск Нью-Йоркте Ердоғанмен кездесуінде көптеген түрік жеткізуші фирмаларының Tesla-мен жұмыс істеп жатқанын және Түркияның компанияның келесі зауытын салуға негізгі үміткерлердің бірі екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз