Еліміздің қалаларындағы ЖЭО-ларда жөндеу жұмыстары кешітіріліп жатыр. Бұл жайлы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты.
Үкімет басшысының төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары талқыланды. Премьер-Министр жылыту маусымының басталуына өте аз уақыт қалғанын, алайда кейбір ЖЭО-ларда жөндеу жұмысы әлі аяқталмағанын айтты.
«Теміртау қаласының №2 жылу электр орталығында №4 қазандықты жөндеу қазан айының соңына дейін ұзартылды. Жезқазған жылу орталығындағы №4 қазандықты жоспарлы жөндеу әлі аяқталған жоқ, ал №9 қазандықта жұмыстардың небары 4%-ы ғана орындалған», деді Әлихан Смайылов.
Кестеден кешігіп жатқан өңірлер қатарында Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары да бар. Прмеьер-министр өңір әкімдеріне жөндеу жұмыстарын күнде қадағалап отыруды тапсырды.
«Аталған өңір әкімдері Энергетика министрлігімен бірге жөндеу жұмыстарына күнделікті мониторинг жүргізіп, алдағы маусымда қажетті жылу беруді қамтамасыз етуі тиіс», деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы өңірлердегі жылу желілерін реконструкциялау барысын да назардан тыс қалдырмау қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ, премьер-министр Абай, Атырау облыстарында және Елордада бірқатар әлеуметтік нысандарды дайындау жұмыстары аяқталмағанын да айтып, бұл мәселелерді шешуге екі апта уақыт берді.
«Жоғарыда аталған барлық кемшіліктерді екі апта мерзімде шешу қажет», деді ол.