Жаңалықтар

15 млрд теңге желге ұшты: «Самұрық-Энергоға» қарасты компания миллиардтарды ысырап қылған

Фото: kursiv.media

100% үлесі «Самұрық-Энерго» АҚ-на тиесілі Eneymentau Wind Power ЖШС мемлекеттің 15 млрд теңгесін желге ұшырған. Бұны Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықтаған.

Eneymentau Wind Power ЖШ 2020 жылы «Олимп Транс Сервис» ЖШС-мен Ерейментау ауданында жалпы сомасы 26,1 млрд теңгені құрайтын, қуаты 50 МВт жел электр станциясын (ЖЭС) салуға шарт жасасады.

Шарт талаптарына сәйкес нысан 17 ай бұрын, 2021 жылдың 4 маусымына дейін салынып бітуі тиіс болған. Алайда ол жылы мердігер құрылыс жұмысын бастамаса да, 10,5 млрд теңге көлемінде аванс төлеген.

Бірақ мердігерге бұл аванс жеткіліксіз көрініп, 11 жел генераторы кешенін жеткізу үшін тағы да қосымша ақша талап еткен.

Ereymentau Wind Power ЖШС медиацияны пайдалана отырып, аванс сомасын тағы 5,5 млрд.теңгеге заңсыз  көбейтеді. Алайда мердігер сол күйі шарт талаптарын орындамаған.

«Бүгінгі күні 15,4 млрд. теңгеге жұмыстар орындалмады, жел генераторларының 11 кешенін жеткізу жүргізілген жоқ», -делінген хабарламада.

«Ereymentau Wind Power» ЖШС Бақылау кеңесі мен бұрынғы басшылығы мердігерге сенгені сондай, төленген авансқа ешқандай кепіл қойылмаған. Мердігер шартты орындамаған жағдайда сақтандыру төлемін де алуға мүмкіндік жоқ.

Оған қоса 3 жыл өтсе, төленген авансты өндіріп алуға қатысты еш талап-арыз берілмеген.

Қазіргі кезде аудит объектісінің атына анықталған заңсыздықты жою және осы іске қатысы бар адамдардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жіберілген.

2023 жылдың 8 айында жүргізілген мемлекеттік аудит барысында 141 млрд теңге сомасында қаржылық заң бұзу анықталған. 

Сонымен қатар аудиторлар квазимемлекеттік сектордың аудиттелген қаржылық есебі бұрмаланады деп дабыл қаққан.