«Қазгеология» ұлттық компаниясы «Тау-Кен Самұрық» еншілесі атанды

Жарияланды

фото: kursiv.media

«Қазгеология» АҚ-сының дауысқа салатын акциялары «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясына 100% берілді. Бұл турасында «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Хабарламада келісім жайына қатысты:

«Тиісті шартқа «Самұрық-Қазына» АҚ-сы мен «Тау-Кен Самұрық» АҚ-сы арасында қол қойылды», – делінген.

Бұған дейін Қазақстан Үкіметінің 2022 жыл, 30 желтоқсандағы № 1128 қаулысына сәйкес, «Қазгеология» компаниясы акцияларының мемлекеттік пакеті «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ орналастырылатын акцияларына ақы төлеу үшін берілген болатын.

«Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Бақыт Амангелдіұлы компанияның табысты қызметін ілгерлету жолында қажетті жағдайлардың қарастырылатынын айта келіп, хабарламада:

«Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы «Қазгеология» АҚ-сы жалғыз акционерінің міндеттемелері мен құқықтарын өз мойнына алады. Барлық қолданыстағы жобалар бойынша серіктестер мен инвесторлар үшін талап-шарттар, жағдайлар өзгеріссіз қалатынын атап өтемін. Сонымен қатар, біз ынтымақтастық ауданын кеңейтуге мүмкіндігіміз бар. Өзара мүддеміз бір арнаға тоғысып, » Тау-Кен Самұрық» құрылыс және пайдалану кезеңдерінде инвестициялық жобаларға қатыса алады»,-деп мәлімдегені көрсетеді.

Нақтылай кетейік, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы қатты пайдалы қазбаларды өндіру ісімен шұғылданады, қазбаларды барлау, игеру, өндіру, өңдеу және өткізу саласындағы жобаларды іске асырады, тау-кен металлургия өнеркәсібіне қажетті тың технология мен ғылыми үрдістерді әзірлейді.

«Тау-Кен Самұрық» – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ «АҚ компаниялар тобына кіреді», Glencore International » компаниясының серіктесі саналады. Компанияның «Қазмырыш» ЖШС-сы жарғылық капиталына қатысу үлесі – 29,82%.

Естеріңізде болса, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-сының «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 79,24% және «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ 100% акциясына иелік ете бастағанын бұрын да мәлімдеген едік.

«Бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ KASE-ге 2023 жылдың 12 қыркүйегінен бастап «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 79,24%-ын және «Қазгеология» Ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ 100% үлесіне иелік ете бастағанын хабарлады».

«Қазгеология» АҚ 2011 жылғы 21 маусымда Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес құрылды. Құрылымның міндеті – елдің минералды-шикізат базасын кеңейту.

«Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» акционерлік қоғамына келісімшарт режиміне көшуі және жер қойнауы учаскесін геологиялық зерттеу бойынша ерекше құқық беру туралы» Экология министрлігінің 2020 жылғы Қаулысына сәйкес:

 «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» акционерлік қоғамына аз зерттелген тұнбалы бассейндерде (Солтүстік Торғай, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу, Ертіс бойы, Солтүстік Қазақстан, Теңіз, Балқаш, Іле, Алакөл) жер қойнауын геологиялық зерттеу лицензиясы бойынша көмірсутек шикізатын барлау және өндіруге ерекше құқық» берілген.

Сондай-ақ оқыңыз