Жаңалықтар

АДБ Қазақстанның экономикалық өсіміне қатысты болжамын жақсартты

документы
Фото: Shutterstock

Азия даму банкі Қазақстанның ЖІӨ өсімі бойынша болжамын 2023 жылы 4,1%-ға, 2024 жылы 4,3%-ға дейін жақсартты, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

«Қазақстанның өсу болжамы сәуірдегі 3,7% және 4,1% көрсеткішінен 2023 жылы 4,1% және 2024 жылы 4,3%-ға дейін қайта қаралды. Оған тұтыну мен инвестицияның өсуіне байланысты мемлекеттің инфрақұрылым мен әлеуеттік бағдарламаларды жаңғыртуға жұмсаған шығындары әсер етті», делінген хабарламада.

ЖІӨ өскенімен, АДБ инфляциялық жағдайдың нашарлауын болжайды. Юолжамға сәйкес осы жылы инфляция 12,7% құрайды. Ал сәуірдегі болжам – 11,8% болған. Ал 2024 жылы – 7,6% болады деп күтілуде. Бұрынғы болжам бойынша бұл көрсеткіш 6,4%-ды құраған. Өз кезегінде инфляциялық болжамның бұлайша өзгеруіне бензин мен коммуналдық қызмет бағасының өсуі әсер еткен.

Қазақстан Үкіметі 2023 жылы ел экономикасының өсімін 4,5-5% деңгейінде болады деп болжайды. Ал Ұлттық банк 4,2-5,2% деңгейінде болатынын мәлімдеген. Жалпы Қазақстанның 2023 жылға арналған бюджетінде ЖІӨ өсімі 4-4,1% шеңберінде белгіленсе, жылдық инфляцияның көлемі 7,5-9,5% шегінде көрсетілген.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан үкіметінің 2024-2026 жылдарға арналған бюджетінде жалпы ішкі өнімнің 2024 жылы 5,3%-ға өсуін қарастыратынын мәлімдеген болатын.

«2024 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,3%-ті құрайды, кейін 2028 жылы 6%-ке дейін өседі. Номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі», деді министр.

Ал Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин қаңтар-тамыз айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,9% өскенін мәлідеді. Жылдың алғашқы сегіз айында нақты сектордағы өсім – 4,4%, қызмет көрсету саласында 4,8%-ды құраған. Министрлік өкілі экономиканың негізгі секторларында өсімнің оң серпінін көрсетіп отырғанын атап өтті. Ең жақсы көрсеткіш құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салаларында байқалған.

Республика Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тамыз айының соңында Қазақстанда инфляция біртіндеп төмендеп келе жатқанын және 2023 жылдың соңына қарай оның көрсетікіштер 2022 жылмен салыстырғанда екі есе төмен болатынын айтты.