Корея мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 6 млрд доллардан асқан. Бұл жайлы Мемлекет басшысының Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльмен кездесуі барысында айтылды.
Әңгімелесу барысында қазақ-корей стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту перспективалары талқыланған. Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында достық қарым-қатынастар орнағанын және қарқынды дамып келе жатқан экономикалық байланыстардың маңызы зор екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті екіжақты тауар айналымы былтыр 6 миллиард доллардан асып, тұрақты өсім байқалып отырғанын айтты. Сонымен қатар корей компанияларының Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының жалпы көлемі 8 миллиард доллардан асып, еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қатарында нық тұрғанын жеткізді.
Бүгінде Қазақстанда 700-ден астам кореялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Атап айтқанда, ел нарығында KIA, Hyundai, Samsung, LG және басқа да компаниялар белсенді қызмет етіп жатыр.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев сирек металдар өндірісін, атом энергетикасын дамыту салаларындағы экономикалық ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына тоқталды.
Өз кезегінде Корея Президенті Юн Сок Ёль кореялық компаниялар машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, атом энергетикасы салалары бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды кеңейтуге және жаңа жобаларды қолға алуға ерекше қызығушылық танытатыны айт келе, Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.