Қазақстандық саудагерлер шетел маркетплейстерінде не сатып жүр?

Жарияланды

Қазақстандық сатушылар ірі маркетплейстерде негізінен отандық емес тауарларды сатады. Бұған не себеп және отандық өндірушілердің өнімдерін халықаралық интернет-платформаларында сатуға не кедергі деген сауалдарға жауап іздеп көреміз.

Қытайда жасалған «қазақстандық тауарлар»

Ресейлік Ozon платформасы негізгі бетінде «Қазақстандық тауарлар» деген анайы бөлім ашып қойған. Алайда бұл жердегі тауарлардың «қазақстандық» деген аты ғана. Ол жердегі сатушылардың тек 15 пайыз отандық өнім сатады. Қалғандары басқа елдерде өндірілген тауарларды қайта саудалайды.

«Қазір бізбен қазақстандық 3 мыңнан астам белсенді сатушы жұмыс істейді. Олар көбіне Қытай, АҚШ, Вьетнам және Ресейде өндірілетін тауарларды сатады», – деді Ozon өкілдері.

Қазақстандық сатушылардан негізінен Қытайда жасалған жад-карталар мен флешкаларды сатып алады. Компьютер бөлшектері, ұялы телефондар, электронды ақпарат тасымалдаушы сынды ең танымал, сұранысқа ие тауарлардың ешқайсысы Қазақстанда шығарылмайтыны белгілі.

Отандық өнім сатушылардың тауарлары негізінен «балаларға арналған өнімдер», «азық-түлік», «сөмке» және «оқу әдебиеті» бөлімінде ұсынылған.

Ресейлік тағы бір платформа – Lamodaдағы қазақстандық брендтердің ассортименті бұдан да аз. Олардың тек 30-ға тарта түрі бар.

«Олардың арасында Қазақстанда шығарылған брендтер де, зауыттары басқа елде орналасқан брендтер де бар. Қазіргі уақытта олар тек қазақстандық нарықта ғана сатылып жатыр және Lamoda-ның басқа филиалдарында әлі ұсынылмаған», – деп хабарлады интернет-дүкеннің баспасөз қызметі.

Тағы бір ірі ресейлік «Wildberries» маркетплейсі – қазақстандық 40 мың кәсіпкерге арналған алаң, бірақ компания олардың қаншасы Қазастанда жасалған тауар сататынын айтпайды.

«Қазақстаннан тыс жерде өндірілген тауарларға келетін болсақ, жергілікті кәсіпкерлердің көпшілігі Ресей, Қытай және басқа да ТМД елдерінен шығарылған тауарлар сатады», – деп жауап берді Wildberries баспасөз қызметі.

Қазақстандық сатушылар сайтта сататын отандық тауарлар арасында киім, азық-түлік, үй бұйымдары мен жабдықтары, косметика және парфюмерия, сондай-ақ тұрмыстық тауарлар бар. Алайда олардың бәрі расында да «отандық» па?

Мәселен, мына тауардың сайттағы сипаттамасына сенсек, Vivienne Sabo косметикасының танымал француз брендіне арналған ерін қарындаштары Қазақстанда жасалған екен. Мұндай сипаттамалардан бұл тауардың Қазақстанда жасалғаны жайлы ақпараты күмәнді екені байқалады.

«Сараптау қызметі тауар картасы мен тіркелген аймағын бақылап отырады. Өндіруші елге келер болсақ, сатушылардан тауар картасында өндірілген елді жеке көрсетіп, өнімді сатуға керек бүкіл құжаттаманың болуы талап етіледі. Оны тек сайтта көрсетіп қоймай, құжаттарын сатып алушыларға да ұсынуы керек. Егер қандай да бір заң бұзу анықталса, Wildberries санкция қолданады: өнімді бұғаттаудан бастап, сайттағы сатушыны толығымен блоктауға дейін», – деп жауап берді маркетплейстің баспасөз қызметі.

Аспан асты еліне арналған тауарлар

Қытайдың сауда алаңдарында жағдай керісінше: Қазақстан саудагерлерінің шамамен 20% негізінен Еуропаның тауарларын қайта сатады. Қалғандары не өндірушілердің өздері, не Қазақстанда өндірілген тауарларды қайта сататындар.

«Нақты санын айта алмаймыз, дегенмен Қазақстандағы бүкіл жеткізушілердің 60%-дан астамы өз өндірісінің тауарын сататынын анық білеміз», – деп түсіндірді, MD Insight бас директоры, Alibaba.com компаниясының Ресей мен ТМД елдеріндегі ресми серіктесі Мария Каданцева.

Қытай нарығындағы ең танымал тауар санаттары – Қазақстан өнімдері. Қазақтың балы, еті, өсімдік майы, дәнді дақылдарына сұраныс жоғары.

Қытай сайттарындағы қазақстандық сатушылардың қатары жарты мыңға да жетпейді. Олардың көпшілігі alibaba.com сайтына экспортты жеделдету бағдарламасы аясында шыққан. Айта кетейік, Сауда министрлігінің қолдауымен қазақстандық компанияларға бір жылға жеңілдікті Gold Supplier (Алтын жеткізуші) шоты беріледі. Алтын жеткізуші – alibaba.com сайтындағы премиум сатушы мәртебесі. Оның иесі өз тауарын өткізуге қажет кешенді әдістерді қолдана алады: соның ішінде іздеу нәтижелеріндегі басымдық, кез келген тауар мен қызмет санын орналастыру мүмкіндігі, жеке сатушының шағын сайты және т.б. бар.

Қытайдағы ең ірі онлайн-платформада Jd.com (Jingdong Mall) Қазақстанның ұлттық павильоны биыл мамыр айында пайда болды. Әзірге мұнда негізінен азық-түлік өндірушілері де ұсынылған.

Alibaba платформасында бір жыл бойы өнімін ұсынған қазақстандық өндірушілердің бірі – AGF Group компаниясы (ARUA төсек-орын жабдықтары бренді). Халықаралық саудадағы тәжірибесі, соның ішінде IKEA-мен ынтымақтастыққа қарамастан, бренд кейбір ресейлік маркетплейстерге шыға алмаған,

«Біз көптен бері Wildberries және Ozon платформасында өз дүкенімізді ашқымыз келеді. Алайда, біз қазақстандық заңды тұлға ретінде DataMatrix кодын (Ресейдің өнімдерді таңбалау және қадағалау ұлттық жүйесінде қолданылатын екі өлшемді матрицалық «Адала белгі» штрих-коды) ала алмаймыз. Ресейге келетін барлық төсек-орын жабдықтары осы кодпен сатылуы керек. «Қазақтелеком» Ресейдің «Адал белгісімен» интеграцияланып, бізге осы DM кодын беруі керек еді. Бірақ одан әлі хабар жоқ», – деп түсіндіреді AGF Group өндірістік компаниясының директоры Гауһар Насырова.

Кәсіпкер Ozon компаниясына өз өнімдерін осы кодсыз сата ала ма деп хабарласқанымен, мардымды жауап ала алмаған.

Қазіргі уақытта қазақстандық ARUA төсек-орындары ресейлік СберМаркет пен Яндекс.Маркетте сатылып жатыр.

«Бұл жеткізілім b2b форматында жүзеге асырылады, яғни SberMarket пен Яндекс.Маркет біздің өнімдерді заңды тұлға ретінде сатып алады. Олар DM кодтарына өздері тапсырыс беріп, бізге жібереді. Кейін осы өнімнің авторлық құқық иеленушілері болып, тауарды өздері сатады. Яғни, біз жай ғана жеткізушілер ретінде жұмыс істеп отырмыз. Ал өнімді сайттардың өзі тәуекелге барып сатып жатыр».

DM кодын алуға тек ресейлік заңды тұлға ғана өтініш беруге құқылы, Ал AGF Group «Оңтүстік» АЭА қатысушысы болғандықтан, шетелден филал аша алмайды.

Alibaba-да тауары сатылып жатқан тағы бір отандық өндіруші – APOLI эко-ойыншық бренді Wildberries-ке шықпайын басқа себеппен байланыстырады.

«Wildberries-тегі көптеген маркетингтік құралдар Қазақстан үшін қол жетімді емес. Мысалы, мақсатты жарнама. Ал онсыз біздің өнім табиғи түрде сұранысы мол тауарлар қатарына ене алмайды. Өйткені біздің ойыншықтар арзан емес, ал тауашаның өзі ЕАЭО елдері үшін әлі мүлдем жаңа», – дейді өндірістің негізін қалаушы Галина Шоенберг.

Оның айтуынша, Wildberries аудиториясы негізінен арзанырақ өнім іздейтін адамдардан тұрады.

«Әр сайттағы тауардың белгілі бір ерекшелігі бар. Мысалы, адам қымбат өнім алу үшін Wildberries-ге бармайды, Керісінше, арзан және көп шығарылатын зат іздейді», – дейді Aura of Kazakhstan парфюмерияларының қазақстандық брендінің креативті директоры Юлия Лукьяненко.

Ол жақта ешкім күтіп отырған жоқ

Сонымен қатар, бағасы қымбаттау тауарлар сатылатын шетелдік сайттарға да тауар шығару оңай емес. Осы ретте Aura of Kazakhstan компаниясы Батыс нарығына шығу тәжірибесі жайлы айтып өтті.

«Біз eBay-ге шығып көрдік. Бұл кейінірек Amazon-ға кіруге қажет тәжірибе болды. Бірақ біздің аймақтағы елдерге кедергі көп екені белгілі. Мұндай сайттар негізінен еуропалық және америкалық өндірушілер мен дистрибьюторларға арналған. Көбіне үлкен ассортименті бар дистрибьюторлар отырады. Біз онда бірнеше ай тұрып, батыстағы дистрибьюторларымыздың бірі әйтеуір осы платформаға шығарар деген үмітпен кеттік», – дейді Лукьяненко.

Ол мұндай сайттарға қойылатын талаптардың өте қатаң екенін айтады: «Кез келген адамның шағымы бойынша дүкенді бұғаттап тастай алады. Олар өтінішті қарастырмайды, хаттарымызға жауап бермейді Біздің аймақпен ынтымақтастыққа аса назар аудармайды».

Сауда және интеграция министрлігі хабарлағандай, QazTrade ITC Ready4Trade Central Asia жобасы аясында Орталық Азияның басқа елдерінің өкілдерімен бірлесіп, аймақ кәсіпкерлерін eBay, Foursource және т.б. электронды платформаларға тартуға тырысып жатыр.

«Біз бұл шаруаны сырттай бақылап отырмыз. Сол жерде бір қазақ сатушысының орнығып, кем дегенде бір жыл жұмыс істегенін көргенде, сонда қозғаламыз. Өйткені ол жерде бір жылдан астам отандық өнім сатқан адамды көрмедім. Қазақстандық дүкендер екі-үш ай жұмыс істейді де, жабылады. Өйткені бұл сайттар біздің өңірмен ынтымақтастыққа мүдделі емес, онда бізді ешкім күтіп отырған жоқ», – деп түйіндейді Юлия Лукьяненко.

Сондай-ақ оқыңыз