Астана әкімі Жеңіс Қасымбек «Қазақстан» спорт кешенін жөндеуге жаңа инвесторлар іздестіріліп жатқанын айтты. Бұл кешен екі жыл бұрын словакиялық ColosseoEAS компаниясына берілген болатын. Алайда бұл компания ешқандай жөндеу жұмыстарын жүргізбеген.
Сол себепті де нысанды басқа инвесторға беру туралы шешім қабылданған. Әкімнің айтуынша, елордада спорт нысандары қажет. Оларды салу үшін әкімдік жеке инвестиция тартуға тырысып жатыр.
«Сонымен қатар қаланы аралау кезінде мен «Қазақстан» спорт кешенінде болдым. Менің ойымша, көптеген елордалықтар мен қала қонақтары онда бір емес, бірнеше рет болып, бос уақыттарын тиімді өткізген болар. Бұл нысан Алматы ауданының тартымды орны саналады. Алайда спорт кешені қауіпті деп танылып, екі жыл бұрын жаңғырту жұмыстары басталған», деп жазды өзінің Instagram парақшасында қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, осы уақыт ішінде инвестор құрылыс жұмыстарын толық жүргізе алмаған.
«Біз бір кездері атақты болған нысанның тоқтап тұруына жол бермейміз. Сондықтан қосымша қаржы көздерін іздестіріп жатырмыз», деп уәде берді қала басшысы.
Айта кетсек, екі жыл бұрын «Қазақстан» спорт сарайы словакиялық ColosseoEAS компаниясына 15 жылға берілген болатын. Спорт сарайын жаңғырту және оны пайдалану жобасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісіміне 2021 жылдың қаңтар айының басында қол қойылған.
Жоба халықты дене шынықтыру мен спортқа көбірек тартуға септігін тигізіп, сарайдың өзі халықтың белсенді демалатын, мәдени және спорттық шаралар өткізетін орнына айналады деп күтілген болатын. Алайда содан бері бұл кешен қаңырап тұр.
«Қазақстан» спорт сарайы 2001 жылы «Шеврон», «Мобил», «Филип Моррис» және тағы басқа компаниялар бөлген қаражатқа салынған. Тапсырыс беруші – Президент Әкімшілігі. 2017 жылдың қазан айында спорт кешені «СПК Астана» АҚ сенімгерлік басқаруына берілді.
2019 жылдың көктемінде Спорт сарайы күрделі жөндеу жұмыстарына жабылды. Ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, бассейн қалпына келтірілсе, оның ашылатыны хабарланды. 2020 жылдың қазан айында кешен модернизациялау және кейіннен пайдалануға беру үшін шетелдік инвесторға берілетіні белгілі болды.
Премьер-министр Әлихан Смайылов кейбір өңірлердің билігін онсыз да тозығы жеткен спорт нысандарына мән бермегені үшін сынға алды.Артынша Мәдениет және спорт министрлігіне мұндай нысандарды тексеруді тапсырды. Мысал ретінде Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы стадионды мысалға келтірген ол, нысанның 2020 жылы эөндеуден өткеніне қарамастан, қирап жатқанын айтты.
Үкімет басшысы өзге өңірлердегі мәселелерге де тоқталып өтті. Ол Қарағанды облысындағы «Шұбаркөл Көмір» вахталық лагерінде спорт залы қирағанымен, мәселені шешіп жатқан ешкім жоқ екенін айтты. Кейбір Республика мектептерінде спорт залдары әлі де жоқ екенін, тіпті ауылдарда ғана емес, ірі қалаларда да мұндай жағдай жиі кездесетінін сынға алды. Оның үстіне Астанадағы Ұлттық спорт университеті мен Алматы облысындағы Олимпиадаға дайындық орталығының құрылыс жұмыстары да кешіктірілгені айтылды.