Жаңалықтар

Путин мен Әлиев телефон арқылы сөйлесті: Әзірбайжан қақтығыста қаза тапқан Ресей әскерилерінің отбасына қаржылай көмек көрсетуге дайын

Фото: kursiv.media

Ресей президенті Владимир Путин мен Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабақтағы жағдайға байланысты телефон арқылы сөйлесті.

Әзірбайжан тарапының бастамасымен болған бұл әңгіме барысында Қарабахтағы соғыс қимылдарын толық тоқтату туралы Ресей бітімгершілік контингентінің көмегімен қол жеткізілген келісімдерді дәйекті жүзеге асырудың маңыздылығы талқыланған.

Сондай-ақ Ильхам Әлиев 20 қыркүйекте Қарабақтағы ресейлік бітімгершілік контингентінің (РМК) әскери қызметшілерінің қайғылы қазасына байланысты кешірім сұрап, көңіл айтқан. Ол бұл оқиғаға қатысты жан-жақты тексеру жүргізіліп, кінәлілердің барлығы тиісті жазасын алатынын мәлімдеген. Осы орайда екі елдің Бас прокуратуралары тығыз байланыста жұмыс жүргізетінін, Әзірбайжан мемлекетінің қаза тапқандардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген.

Сондай-ақ әңгіме аясында Баку мен Степанакерт өкілдері арасындағы бітімгершілік күштерінің арағайындығынан басталған келіссөздерге үлкен мән беріліп отырғандығы айтылған.

Өз кезегінде Ресей президенті өңірдегі жағдайды одан әрі тұрақтандыру және гуманитарлық проблемаларды еңсеру бойынша басым қадамдар жөніндегі мәселелерді қозғап, Қарабақтағы армян халқының құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып өткен.

Ал Әзірбайжан тарапы осы мәселелер бойынша ресейлік бітімгершілік күштерімен өзара іс-қимыл жасауға дайын екендігін растаған. Сондай-ақ, 2020-2022 жылдары қабылданған үшжақты келісімдерге сәйкес ең алдымен, көлік байланыстарын ашу, Әзірбайжан-Армения шекарасын демилитаризациялау және бейбітшілік келісімін дайындау жөніндегі мәселелер талқыланған.

Еске сала кетсек, 19 қыркүйекте Әзірбайжан мемлекеті Таулы Қарабақ аймағында «терроризмге қарсы іс-шараларды» қолға алғанын мәлімдеді. Әзербайжан СІМ-і аймақтағы бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы – Армения әскери күштерін Қарабақтан толық шығару және Степанакерттегі қатаң «режимді» құрту деп мәлімдеді.

Өз кезегінде Қазақстан Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын растайтынын мәлімдеді.

«Қарабақ төңірегіндегі соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстан Республикасы Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына оның халықаралық деңгейде танылған шекаралары шегінде берік қолдауын тағы да растайды, сондай-ақ барлық мәселелерді БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен нормаларына сәйкес саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайды», делінген СІМ мәлімдемесінде.

Ал 20 қыркүйек күні Таулы Қарабақ билігі атысты тоқтатып, Әзірбайжанды орталық атқарушы орган ретінде мойындайтынын мәлімдеді. Мойындалмаған республика билігінің хабарлауынша, біржақты атысты тоқтату туралы шешім Таулы Қарабақта орналасқан ресейлік бітімгершілік контингенттің араласуымен жүзеге асқан.

Ал 21 қыркүйекте армяндықтар Таулы Қарабақ капитуляциясынан кейін Пашинянның биліктен кетуін талап етіп, наразылыққа шықты. Алаңға жиналған наразы халық Армения үкіметінің Қарабақтағы армян сепаратистеріне қолдау көрсетпей отырғанын айыптады.