2023 жылы қазақстандық және әлемдік қор нарығында ахуал қандай болды?

Жарияланды

Сарапшы Түсіп Нүкенов жыл қорытындысып жасап, келер жылға болжам айтты

Фото: kursiv.media

Қазақстан қор нарығындағы биылғы жағдайды сарапшылар «жақсы» деп бағалап отыр. Өйткені басым көпшілігінің акциясы өскен. Ал көрші елдегі геосаяси жағдай кері әсер етпей, қайта пайдасын да тигізген. Жалпы әлемдік және отандық қор нарығындағы ахуал 2023 жылы қандай болды, келер жылдан не күтеміз? Осы сауалдарды «Фридом Финанс» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Түсіп Нүкеновке қойып, сұхбаттасқан едік.

  • Сұхбатты отандық компаниялардың акцияларынан бастасақ. Қарқын қалай болды?
  • Биыл қазақстандық қор нарығы үшін тамаша жыл болды деп есептеймін. Жалпы индекс 23 пайызға өсті. Бұл — керемет көрсеткіш. Бір ғана акцияның бағасы түскені болмаса, қалғандары түгел өсті. Отандық акциялар бағасынан орта есеппен 15-20 пайыздай өсім байқадық. Көпшілігінде өсім шамалас болғанымен, көшбасшылары да бар. Бірінші орында — Kaspi компаниясы, 2023 жылы 38,4 пайызға өсті. Одан кейін — нарыққа жаңадан келген, өткен жылы желтоқсанда ғана қосылған ҚазМұнайГаз. IPO кезінде 8400 теңгеден сатылған болса, қазіргі бағамы 12 мың теңге шамасында (11 750). Демек, 40 пайыздай өсім көрсетіп отыр. Ал бағасы азғантай ғана өскен компаниялар ішінде төмен көрсеткіш ЦентрКредит банкінде болды (11 пайызға өскен — ред.).  
  • Kaspi-дің айтарлықтай жақсы көрсеткіш көрсетуіне не әсер етті?
  • Бұл компания — ірі технологиялық компания. Оның кейінгі тоқсандық есебіндегі көрсеткіш бойынша тапқан табысы болжамнан да асып түсті. Сонымен қатар ол америкалық биржаға шығуды жоспарлап отырғандықтан, позитив ноталар беріп отырғанын айта кету керек. Нарықтың болашақпен өмір сүретіні белгілі. Сол себепті баға осылай көтеріліп отыр.
  • Бір компания ғана төмен көрсеткіш көрсетті дедіңіз. Неліктен олай болды?
  • KEGOC акциясы былтырмен салыстырғанда 2,7 пайызға төмендеді. Мұны нашар көрсеткіш деуге де болмайды. Өйткені мұндай жағдай қор нарығында болып тұрады. Стандарт жағдай деп айта аламыз. Бұған дейін әжептәуір өскенін де жақсы білеміз. Ашылғанда, осыдан 7-8 жыл бұрын 505 теңгеден сатылып, содан бері 300 пайызға өсіп, 1500 теңгеге жетті. Сондықтан қатты құлдырады деп есептеуге келмейді. Жыл есебі бойынша 2,7 пайызға төмендеуінің астарында IPO-ны күтіп отырғаны жатуы да мүмкін. Қыркүйек-қазан айларында KEGOC-тың екінші SPO-сын күтіп отырғанымыз бар. Бәлкім, соған да байланысты болар.   
  • Көрші елдегі геосаяси жағдай қазақстандық қор нарығына қалай әсер етіп жатыр?  
  • Ресей — біздің ең үлкен тауар серіктесіміз. Осы жылы шектеулер болғанын білеміз. Әйтсе де, көрші елдің қор нарығы Қазақстанға айтарлықтай әсер етпеді, өйткені олар оқшауланып өмір сүрді. Сондай-ақ, бұған дейін біз теңге бағамына келгенде рубльдік паритетке қарап келген едік. Оқшауланғанының арқасында ол паритет кішкене бұзылып, біз әлемдік индекстерге қарап корреляция жасайтын болдық. Теңгенің тамызда маусымдық жағдайларға байланысты 3 айызға құлдырағаны болмаса, рубль онша әсер ете алмады. Доллар да теңгеге қарай қатты өскен жоқ. Сол себепті Қазақстан жақсы «ойын» жүргізіп отырды деп бағалаймыз. Қазір бәрі Ұлттық банк ақша-несие саясатын жақсы жүргізеді, бағам көрсеткіштерін төмендетеді деп күтіп отыр. Сондықтан позитив болжам басым. Күзге таман теңгенің әлсіреуіне байланысты қор нарығында да жағдай сондай болады. Әйтсе де, жаңа жылға дейін қайтадан өседі деп сенеміз.
  • Ал қытайлық нарық, акциялар туралы не айтасыз? Қазақстандықтар мен әлем үшін олар қаншалықты қызық?
  • Отандық қор нарығын айтар болсақ, бізде қытайлық бағалы қағаздарды алу қарқыны қатты емес. Alibaba секілді әлемдік нарықтағы компаниялар Қазақстанға ғана емес, жалпы баршаға қызық. Ал тұтастай Қытайды алсақ, ол — ерекше өзіндік қаупі бар ел. Оларды әрдайым есте ұстау керек. Елдегі ішкі саясат компанияларға әсер етеді. Алдыңғы жылдары Америка тарапынан геосаяси қимылдар болып, америкалық қор нарығына шыққан қытайлық компанияларды «қыспаққа» алды. Кейбіріне делистиң жасады. Соның кесірінен кей компаниялардың бағасы әлсіреді. Содан біз Қытай COVID-тен ең қатты зардап шеккен ел екенін білеміз. Ол енді ғана бұрынғы қалпына келіп жатыр. Қазір баға төмен болғандықтан, Қытай экономикасы арзан болып көрініп тұр. Кейбір компаниялар өзінің баланс бағамына да жете алмай отыр. Әрине, ішінен таңдап бірнешеуін алсақ та болады. Бірақ оларды портфельде көп ұстамаған жөн. Әрі кетсе 15-20 пайыз шамасында болғаны жақсы.  
  • Күзді портфель балансын реттейтін мезгіл деп атап жатады. Не үшін олай? Жалпы маусымдарға бөлінгендегі ерекшеліктерді атап өтсеңіз. Қай кез акция алатын, қай кез сататын уақыт деп саналады?
  • Үлкен хедж-қорлар, институционалдық инвесторлар тоқсан сайын портфелін қайта қарастырып, ротация жасап отырады. Неге күзге ерекше екпін қойылады? Өйткені жаз бойы көбі демалады, бизнес тоқтаңқырап қалады. Қыркүйектің ортасынан бастап бизнес үшін актив маусым деп есептеледі. Жазда бағасы құлаған компанияларды сатып алып қалуға мүмкіндік туады. Баға қазан-қарашаға дейін өседі де, одан жарты айдай тағы құлдырайды. Сөйтіп жаңа жылдық «раллиге» таман үлкен экономикалық белсенділік болады. Қаңтар айы тоқтау кезеңі іспеттес, ол жағдай ақпанның басына дейін жалғасады. Одан соң наурыздың аяғына дейін біртіндеп қалыпқа келе бастайды. Ал мамырдың соңына қарай өсу болады. Ай аяқталған соң жаз келеді де, қайтадан экономикалық тоқтау орнайды. Цикл әдетте осылай айналып отырады. Әрине, түрлі жағдай болып, нарықта өзгеріс болуы әбден мүмкін. Бар болғаны жылдар бойы жасалған статистикалық көрсеткіштердің нәтижесінде осындай болжам жасалады. Егер ерекше жағдайлар болмаса, онда маусымдық көрсеткіштер осындай болады.    
  • Дәл қазір қандай отандық акцияларды сатып алып үлгерген жөн?
  • Бірінші кезекте «Халық банкінің» акцияларын алуға болады. Себебі өсу әлеуеті жоғары акцияларында қатарында. Болжам бойынша 50 пайызға дейін өсуі мүмкін. Кейінгі кездері бағасы қатты түсіп кетсе де, тоқсандық есеп көрсеткіші біз күткеннен жоғары болды. Компанияның жүргізіп отырған экономикалық саясаты аналитиктерімізге ұнап отыр. Әрине, тәуекел бар. Президенттің жолдауында салықты көтеру мәселесі айтылды. Банктердің салық базасы көбейетіндіктен, аздаған түсініспеушілік болуы мүмкін. Әйтсе де, ол болғанға дейін позитив көзқарастамыз. Екінші орында «Қазақтелеком» компаниясының акцияларын ұсынар едім. Өйткені кейінгі тоқсандық есепке қарасақ, қаражат қоры мол қалған. Сол ақшаны дұрыс жұмсап, Қазақстан бойынша 5G станциялар қойды. Ол болашақта бағаның өсуіне әсер етеді. Оған қоса, ақша ағыны да еркін болды. Бүкіл инвестордың күтіп жүргені — «Қазақтелекомның» Kcell-ді сатуы. Соның арқасында ақшалы болып, акционерлері бұл пайдадан дивиденд алады. 2012 жылғы сценарий қайталанса, акция жақын арада өсуі мүмкін. Кеңес беретін үшінші компания — Kaspi. 38,4 пайызға өскенін айтқан едім. Одан тағы да өсуі ықтимал. Таза табысы екінші тоқсандық көрсеткіш бойынша болжағанымыздан да жоғары болды. Сондықтан осылай жалғасса, өсе береді. Шарықтауына әсер ететін тағы бір триггер — америкалық биржаға шығуы. Бұл дегеніміз жаңа капитал келетінін білдіреді. Шикізатқа қатысты айтсақ, «Казатомпром»-ды атап өтуге болады. Бұл компанияның да есебі жағымды көрсеткішке толы, жыл бойы жақсы өсті. Оған қоса, дүние жүзі бойынша уранға деген қызығушылық артып жатыр. Сатып алуға кеңес беретінім — осы компаниялардың акциялары.      
  • Шетелдік акцияларға ауыссақ. Аларда не нәрсеге мән беру керек? Күзгі маусымда олардың жағдайы қалай болады? Қандай болжам жасай аласыздар?
  • Әрине, АҚШ-та капитал нарығы өте жоғары, мықты компаниялар жиылған. Соған шығу керек деп ойлаймын. Қазіргі үрдісі өте жақсы. Оған әсер ететін бірнеше фактор бар. Соның бірі — инфляциялық қысымның азаюы. Сондай-ақ, федералды резервтік комиссияның бағам өсуіне пауза қойып отырғаны тағы бар. Яғни «әлі бағамды өсірмейміз» деуі нарыққа жақсы әсер беріп отыр. 2022 жылғы құлдыраудан кейін өз бағамына жетті. Енді алда өседі деп болжам жасап отырмыз.
  • Ендеше, қандай секторлардан алған жөн?
  • Меніңше, ірі технологиялық және жартылайөткізгіштер жасайтын компаниялардан алған абзал. Өйткені қазір жасанды интеллектінің даму үрдісі жоғары. Ал оның жұмыс істеуі үшін жартылайөткізгіштер қажет. Дүние жүзі бойынша ондайларды жасайтын ірі компанияларды айтсақ, ол — Nvidia және ADM. Соларды бірінші кезекте алу керек. Көрсеткіштері өте жақсы. 50 пайыздай өскен. Алда әлі де өсе береді деген болжам бар. AI технологияларға келсек, Meta, Netflix, Alphabet, Microsoft сынды компаниялардан алған жөн. Онымен қоса, Salesforce, Fortinet сынды компанияларды да осы қатарға қоссақ болады. Портфельге диверсификация жасап, белгілі бір циклдік сегменттерге де қойған жөн. Мәселен шикізат пен материалдар шығаратын, циклдық бөлшек сауда компанияларын да назарда ұстаған жөн. Айталық, Amazon, Mastercard, Sherwin-Williams, ConocoPhillips, S&P Global. Осындай баланстық портфель жақын арада өседі деп ойлаймыз.
  • Қор нарығында 2023 жылы болған, сіз күтпеген позитив және негатив кейс бар ма?
  • Жоғарыда айтқанымдай, биыл мені қатты таңғалдырғаны — жасанды технологиялар компаниялары. Осы жылы олардың қарқыны қатты болды. Көптеген ірі компания жаңа департаменттер құрды, қыруар қаржы бөлді. Бұл дегеніміз жасанды интеллектінің болашағы жарқын екенін көрсетті. Алдыңғы үш жыл бойы биотехнологиялар үлесі жоғары болып келді. Ал енді алдағы 3-5 жылда осы AI технологиялар «сәнде» болатын секілді. Сәйкесінше, осы бағытта жұмыс істейтін компаниялар өседі. Жағымды жайттың тағы бірі — инфляциялық қысымның төмендеуі. Соның арқасында базалық мөлшерлеме келесі жылға дейін көтерілмейтін болды. Бәлкім, төмендетіп те қалар. Бұл болса, экономиканың қалпына келгенін білдіреді деп ойлаймын. Негізі 2024-2025 жылдарға қарай болады деп күткен едік. Пандемия кезінде көп ақша шығарылып, соның кесірінен инфляция қысымы жоғары болып кеткен еді. Оның әсері біраз жылға дейін жалғаса ма дегенбіз. Онымен биыл қарқыны азая бастады. Бұл — күтпеген жағдай. Оның әсері Қазақстанға да тиді. Қазір Ұлттық банк қаржылық көрсеткіштерді төмендетті. Болашақта тағы сондай қадам жасалады деп отырмыз. Негатив жағдай 2022 жылы көп болған еді. Биыл айтарлықтай байқалды. Басым көпшілігінде өсім болды, қарқындарын сақтап қалды.   
Сондай-ақ оқыңыз