фото: rakhat.kz
«Lotte Рахат» АҚ өкілдері кондитерлік фабриканың өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында, өндірісті оңтүстік астанадан Алматы облысы аумағына көшіруді жоспарлап отыр. Бұл мәселе компания басшыларының аталған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергеновпен кездесу барысында талқыланған.
Инвесторлар Алматы облысынан 20-30 гектарды құрайтын қолайлы жер телімін таңдау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алдын ала есептеулер бойынша, инвестиция көлемі шамамен 200 миллион АҚШ долларын құрайды. Жұмыс істеп тұрған зауыттың қуаттылығын кеңейте отырып, жаңа алаңға көшіру жоспарланған.
”Бұл жоба облыстың, сондай-ақ жалпы еліміздің индустриялық дамуына серпін беріп, кемінде 1000 қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлы.
Сонымен қатар, жобаның 2030 жылдан кешіктірмей аяқталатыны айтылды.
Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиевтің блогінде хабарланғандай, «Lotte Рахат» АҚ-сының қазіргі өндіріс орындары Алматы мен Шымкентте екі учаскеде орналасқан.
Бүгінгі таңда LOTTE Рахат АҚ ассортимент қоржынында 14 түрлі топқа жататын түрлі кондитерлік өнімдердің 400-ден астам атауы бар.
LOTTE Рахат акционерлік қоғамы 75 жыл бұрынғы Қазақстандағы кондитерлік өнімдерді шығаратын ірі өндірушілердің бірі. Кондитерлік өнімдердің алғашқы өндірісі 1942 жылы спирт зауытының аумағында соғыс кезінде Мәскеу мен Харьковтан эвакуацияланған жабдықты пайдалана отырып ұйымдастырылды.
Қазірде «LOTTE Рахат» АҚ-сында 4500-ге жуық адам жұмыс істейді.
Сонымен қатар, «LOTTE Рахат» АҚ – қант диабетімен ауыратындар үшін арнайы өнімдер шығаруды игерген Қазақстандағы жалғыз кондитерлік кәсіпорын. Бұл ассортимент құрамында калориясы төмендетілген шоколад, кәмпиттер, печенье және вафлидің бірнеше түрі және қантты баламалы табиғи шикізатпен алмастыру кіреді.