Жаңалықтар

Апелляциялық сот «Оператор РОП» ісі бойынша шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды

Фото: kursiv.media

Астанада сот алқасы «Оператор РОП» ісі бойынша шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.
2023 жылдың 3 шілдесінде қылмыстық іс бойынша төрт адамға үкім шықты. Соған сәйкес бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет ете алмайды.

2016 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде «Оператор РОП» ЖШС директоры болған Светлана Коротченко 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
2019-2022 жылдар аралығында ЖШС директоры болған Медет Құмарғалиев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

ЖШС қаржы директоры Рустам Темірбек 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған рақымшылық жасау туралы заң қолданылып, коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

2023 жылдың 22 қыркүйегінде апелляциялық сот алқасы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Бұған дейін сотта к елтірілген залалдың жалпы сомасы – 26,8 млрд теңге.
Сотта «Оператор РОП» ЖШС үш басшысының 2016 жылдан бастап кезекпен экология вице-министрінің қолдауымен бірнеше рет аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлағаны анықталды.

Сонымен қатар экология вице-министрі өз өкілетін асыра пайдаланып, заңсыз бұйрыққа қол қойған. Ол жерде кабель өнімдерін өндірушілер мен импорттаушыларға кеңейтілген міндеттеме енгізген. Салдарынан 325 млн теңгеден астам шығын келген.
Осы кезеңде «ӨКМ операторы» ЖШС басшылары бұрынғы вице-министрдің көмегімен ЖШС шотындағы 180 млрд теңгені ұрламақ болған. Сотталғандар Қазақстан аумағында аффилиирленген компанияның 6 қоқыс өртейтін зауытты салуы кезінде ұрлық жасауды жоспарлаған.

Құрылысты қаржыландыруды сотталғандар 2022 жылға арналған инвестициялық саясатты іске асыру жөніндегі іс-шараларға негізсіз енгізген.

Сондай-ақ, ЖШС басшысы К. және құрылтайшысы М. (іздеуде жүрген) коммерциялық ұйымдағы басқару функцияларын пайдаланып, өкілетін теріс пайдаланып, дивидендтер алу түрімен 920 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын ұрлаған.