Жаңалықтар

SPO-ға шығады деп күтіліп отырған KEGOC-тың жария акцияларын ҚНРДА мемлекеттік тіркеуге алды

фото: kursiv.media

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» жариялаған акцияларды мемлекеттік тіркеуге алды. Бұл туралы ақпарат Қазақстан қор биржасының ақпараттық бағанында (KASE) жазылды.

Нақтырақ алғанда, бизнес сәйкестендіру нөмірі 970740000838 болатын KEGOC»-қа тән 275 294 118 жай акция тіркелді.

Нарыққа орналастырылған жай акцияларға KZ1C00000959 халықаралық сәйкестендіру нөмiрi (ISIN коды) берілді.

Құжаттағы ақпаратқа сәйкес, бір акцияның номиналды құны: 10 000 (он мың теңге) теңгеге пара-пар.

Орай келгенде айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі акциялар санының ұлғаюына байланысты тіркеу туралы куәлікті өзгерткен.

«KEGOC» АҚ компаниясы жария акцияларының санын 15,2 миллионға көбейтіп, 275,2 миллионға жеткізгенін жазған едік.

Естеріңізде болса, жыл соңына дейін KEGOC акцияларының 5%-ы SPO-ға шығарылатынын хабарлағанбыз. Бұл туралы жаңа үкімет құрамымен өткен алғашқы отырыста айтылған еді.

Жақында компания 2023 жылдың бірінші жартыжылдықтағы қызметін қорытындылап, 23 млрд теңге таза пайда тапқанын мәлімдеді. 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда негізгі қызметтен түсетін кіріс 11 572 млн теңгеге немесе 11,3%-ға өсті, оның 10 061 млн теңгесі реттелетін қызметтер бойынша тарифтер мен көлемнің өсуі нәтижесінде қалыптасқан.

«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы функциясын атқарады. Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) активтеріне иелік етіп басқарады. Қызметтің негізгі түрлері табиғи монополиялар саласына жатады. Компанияның балансында ҰЭТ-ты құрайтын ұзындығы шамамен 27 000 шақырым болатын, кернеуі 220-1150 кВ электр жеткізу желілері және трансформаторларының белгіленген қуаты 38,99 ГВА болатын 82 қосалқы  электр станциялары бар.

Компанияның 90 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі болса, 7,5 пайыз акциясы БЖЗҚ-ға тиесілі. Қалған 2,5 пайыз акциясы 2014 жылы өткен «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында жеке инвесторларға сатылған.