Көмірді автомобильмен экспорттауға салынған тыйым уақыты ұзартылып, сұйытылған газ экспорты шектелді

Жарияланды
Шығарушы редактор
Фото: shutterstock

Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында көмірді автокөлікпен әкетуге тыйым салу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар сұйытылған мұнай газын шетелге әкету бойынша шектеу енгізілген. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бұл алдағы жылыту маусымының басталуымен және халықты әлеуметтік көмірмен үздіксіз қамтамасыз етумен байланысты. Халықты газбен үздіксіз қамтамасыз ету және автомобиль нарығына жеткізу мақсатында сұйытылған мұнай газын автомобиль және теміржол көлік түрлерімен әкету бойынша шектеу белгіленген», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ВАК отырысында жағармайларға экспорттық баж салығының алып тастау мәселесі талқыланып, тот баспайтын болаттан жасалған суық деформацияланған жіксіз құбырларға қатысты демпингке қарсы шараның қолданысын ұзарту және сыртқы сауда қызметінің басқа да мәселелері қаралған.

Алайда хабарламада көмір мен мұнай газын тасымалдауға салынған тыйым мен шектеу уақыты қанша мерзімге ұзартылғаны нақтыланбаған.

Мамыр айында ел аумағынан көмір мен лигнитті автомобиль көлігімен әкетуге 6 айға шектеу қойылған еді. Оған дейінгі шектеу 2022 жылдың 30 қыркүйегінде енгізілген еді. Бұл шектеу халықты және коммуналды-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету, сондай-ақ жылу беру маусымына дайындық пен осы кезеңдегі энергетикалық қауіпсіздікті сақтау мақсатында ықтимал дүрбелеңнің алдын алмақ,

Қаңтар-тамыз айларында бір жыл бұрынғы 73,7 млн тоннамен салыстырғанда 69,7 млн тонна көмір өндірілген. 2022 жылы өндіріс 113,9 млн тоннаны құрады. Қаңтар – маусымдағы көмір экспорты шамамен 13 млн тоннаны құрады, оның ішінде Ресейге – 7,4 млн тонна (2022 жылдың бірінші жартыжылдығында – 10,2 млн тонна), Қырғызстанға – 0,5 млн тонна (0,4 млн тонна), Өзбекстанға – 1 млн тонна (0,7 млн тонна), Польшаға-1,4 млн тонна млн тонна (0,68 млн тонна), Латвия – 1,2 млн тонна (40 мың тонна), Түркия – 0,6 млн тонна (0,1 млн тонна) жіберілген.

Тамыз айының соңында сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов елімізде көмір қымбаттағанын мәлімдеген болатын.

«Қазір 9,1 млн тонна көмір қажет. Оның 2 млн тоннасы жеткізілді. Кей бөлігі қоймада сақталып тұр. Көмірдің бағасына келсек, қазір көмір шығаратын орындарда «Шұбаркөл» көмірінің бағасы – 7 570 теңге. «Қаражыра» көмірі – 9 мың теңге, «Майкубен вест» көмірі 6 700 теңге, «Шұбаркөл премиум» көмірі 9 мың теңге. Былтырмен салыстырғанда баға 7-10%, 15%-ға қымбаттаған. Үш жылға дейін көмір өндірушілерде баға өзгермеген», – деді Тұрар Жолмағамбетов.

Сондай-ақ оқыңыз