2023 жылы Қазақстанда сату менеджерлері, программистер,бағдарлама әзірлеушілер, логистика саласы қызметкерлерінің айлық жалақылары өскен. Ең жоғары жалақы ақпараттық технологиялар саласында бағдарлама әзірлеуші мамандарға тиесілі. HeadHunter онлайн-платформасының дерегінше, саладағы қызметкерлердің орташа жалақысы – 581 мың теңге.
Қызметкерлерді санат бойынша бөлер болсақ, орта буын басшылардың жалақысы биыл жақсы өскен. Бір жыл ішінде олардың табысы 9 пайызға артқан. Жұмыс берушілер 2023 жылы жаңадан бастаған мамандарға бір жыл бұрынғыдан 7% артық төлеуге дайын болды. Топ-менеджерлердің табысы аса өспеген. Алайда бұл олардың жалақы көлемі бойынша көш бастауына кедергі болмады. Олар орта есеппен 974 мың теңге айлық алады.
Портал мәліметі бойынша, тамыз айының соңында ұсынылған орташа жалақы 312 000 теңгені құраған.
Бұған дейін Экономикалық зерттеулер институты Қазақстан қалаларындағы жалақы деңгейі бойынша рейтинг жариялаған. Бұл тізім бойынша ең жоғары жалақыны Жаңаөзен қаласының тұрғындары алса, ең төменгі айлық Талдықорған қаласында тіркелген.
Елімізде 2024 жылдан бастап ең төменгі еңбекақы 85 мың теңге болады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жасаған Жолдауында мәлім етті.
Айта кетерлігі, елімізде ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығы айтарлықтай. Finprom.kz сайтының дерегінше, ол 33,7% құрайды. 2022 жылы ерлердің жалақысы орташа есеппен 355,3 мың теңге, бір жылда 26,3% көбейген, әйелдердікі — 265,8 мың теңге, 20,7% көбейген.
Бұған дейін Қазақстанда IT мамандардың орташа жалақысы 876,1 мың теңгені құрайтынып жазғанбыз. Саладағы 249 кәсіпорынның 204-і шағын, 34-і орта, 11-і ірі компаниялар. Бұл ретте сектордағы ең төменгі жалақы шағын ұйымдардың қызметкерлері арасында байқалады. 2023 жылдың бірінші тоқсанында ондағы орташа жалақы шамамен 635,2 мың теңгені құраған, ал ірі компаниялардағы жалақы 797,6 мың теңге болған. Ең жоғары көрсеткіш орта кәсіпорындарға тиесі. Ондағы орташа жалақы көлемі 876,1 мың теңгені құрайды.