Биыл алғаш рет Ұстаздар күні – 5 қазанда татап өтіледі. Еске салсақ, ҚР Үкіметімен бұл мереке нақты бір күнге қойылып, тиісті қаулы қабылданған болатын.
Бұл күн Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілген және мереке ең жауапты әрі маңызды мамандық өкілдерін біріктіреді.
Дәл осы күні елордада Педагогтердің республикалық съезі өтеді. Оған еліміздің барлық аймақтарынан 700-ге жуық ұстаз қатысады. Бұл кездесуде педагогтер ең озық және халықаралық тәжірибелерімен бөлісе алады.
Бүгінде Қазақстанның білім беру саласында 500 мыңға жуық мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогі жұмыс істейді. 2019 жылы мемлекет басшысының қолдауымен педагог мамандығына ерекше мәртебе беру туралы шешім қабылданған. Содан бері педагогтердің жалақысы екі есе өсіп, 220 мыңға жуық мұғалімге тағайындалған санаттарына қарай 50 пайызға дейін үстемақы төлене бастаған. Ал өндірістен қабылданған техникалық және кәсіптік білім беру педагогтерінің жалақысына 35 пайызға дейін қосымша ақы қарастырылған.
Ал осы жылдың қыркүйек айынан бастап 97 мың мұғалімнің жалақысы тағы 30 пайызға өсті.
Еске сала кетсек, Қазақстанда педагогтардың кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні енді 5 қазанда атап өтіледі. Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келген. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.