Қазақстан ҰҚШҰ-дан шығады деген ақпарат жалған – Сыртқы істер министрлігі

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның ҰҚШҰ-дан шығатыны жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарды. ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров бұл жалған ақпарат деп мәлімдеді.

«Қазақстан мен Армения ҰҚШҰ-дан шығу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр деген ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды. Бірнеше күн бұрын ҰҚШҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кездесу өткізді. Онда ұйымды дамытудың алдағы бағыттары талқыланды», – деді Смадияров Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін бірқатар жергілікті БАҚ белгілі бір дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Қазақстан мен Армения үкімет пен арнайы қызмет арқылы ҰҚШҰ-дан шығу мәселесі бойынша кеңес өткізіп жатқанын хабарлаған.

ҰҚШҰ – 2002 жылы құрылған және халықаралық өңірлік ұйым, оның құрамына Қазақстанмен қатар Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретіні белгілі.

Қазақстан 2022 жылы «Қаңтар оқиғасы» кезінде ұйымның бітімгерлік күшіне жүгінген болатын.

Жақында ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері ғарыш кеңістігінде қару-жарақ бәсекесінің алдын алу мәлімдемесін қабылдаған.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары «2007 жылдың 6 қазанындағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. 

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан армиясы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт аясында өзге елдердің аумағында ешқандай әскери іс-қимылға қатыспайды деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз