Ел үкіметінің қаулысымен «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС құрылды. Оның жарғылық капиталы 100 пайыз мемлекетке тиесілі болады.
Бұл компания мемлекетке қайтарылған активтерді басқаратын болады. Компания «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң негізінде құрылған.
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген тәртіппен қайтарылған активтерді басқару, сақталуын қамтамасыз ету, өткізу серіктестік қызметінің негізгі нысаналары болып айқындалсын», делінген қаулыда.
Серіктестіктің жарғылық капиталына қатысудың мемлекеттік үлесіне иелік ету және оны пайдалану құқықтары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне беріледі.
Еске сала кетсек, 24 мамырда мәжілісте баяндама жасаған депутат Магеррам Магеррамов мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор құрылатынын мәлімдеген болатын.
7 маусымда Мәжіліс заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты заң жобасын мақұлдады.
2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.
Активтерді қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Сонымен қатар, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданыладытн болады.
«Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда Заңда белгіленген шекті сомадан – 13 млн. АЕК-тен асатын (44 млрд. 850 млн. теңге немесе шамамен 100 млн. АҚШ доллары) активтері болуға тиіс. Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді, делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Бас прокуратураның құрылымында жоғарыда аталған Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды. Жаңа бөлімшенің құрылуы нәтижесінде Бас прокуратураның штаттық саны 114 адамға – 5836-дан 5950-ге дейін өсті.
Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов жыл басынан бері 94 млрд теңгенің активтері қайтарылғанын айтты.
Жақында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң адал инвесторларға әсер етпейді деп мәлімдеді.