Отбасының шырқын бұзатындардың реестрін жасау ұсынылды

Жарияланды

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек отбасының берекесін қашыратындардың тізімін жасауды ұсынды, деп хабарлайды kursiv.media.

«Қазақстанда көптеген реестр бар. Мысалы, несиесін өтей алмаған адам арнайы базаға кіреді. Осылайша, ол кредит алу құқығынан айырылады. Жер кодексінде де солай. Жер учаскесін 5 жыл ішінде пайдаланбағандар реестрге кіреді. Оның да салдары болады.
Сондай-ақ алимент төлеуден жалтарып жүргендер де реестрге енеді. Бас прокуратурада педофилдердің тізімі бар. Осы тұста неге отбасының берекесін қашыратындардың реестрін жасамасқа? Бұл – күшті механизм», – деді депутат Мәжілістегі комитет отырысында.

Бақытжан Базарбек реестр қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

«Отбасылық зорлық-зомбылыққа тек әкенің анаға және балаларына жасаған зорлығын ғана емес, оған азаматтық некедегі деректерді де жатқызуға болады. Мысалы, ажырасқан әйел жас жігітпен танысып, көңіл қосады. Содан кейін бұл жігіт әйелге және оның баласына қысым көрсетеді. Егер осындай реестр жасайтын болсақ, бұл жігіттерге әсер етеді. Оны абьюзер ретінде реестрге 10 жылға кіргізсек, ол бұл реестрден шыға алмайды. Қайткенде де ол үйленуге тырысады, ал адамдар реестрге қарайтын болады. Осылайша, отбасылық абьюзердің психотипіне қысым келтіретін механизмдерді іздеу керек», – деді депутат.

Оның пікірінше, аталған ресстр адамның психологиясына әсер етеді.

«Олар бұл тізімді айналып өтуге, одан шығуға тырысады. Тұрмысқа шықпаған көптеген қыз бар. Олар осы реестрге қарап, қорытынды жасайды. Бұл – үлкен сигнал. Себебі, (оның сөйлесіп жүрген адамы – ред.) абьюзер ретінде тізімде тұр», – деді ол.

Бақытжан Базарбектің ұсынысына Ішкі істер министрі Игорь Лепеха жауап берді.

«Егер заң жобасы қабылданса, оның аясында бұл ұсынысты қарастыруға болады. Мәселеге жәбірленушінің позициясынан қарау керек. Бұл заң жобасы болса, біз қарастыруға дайынбыз. Бастысы ешкімге зиян тигізбеу керек», – деді вице-министр.

Сондай-ақ оқыңыз