Қарағандыда балалардың неден уланғаны әлі анықталған жоқ – Ажар Ғиният

Жарияланды
Шығарушы редактор

Қарағандыдағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың неден уланғаны әлі анықталмаған. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.

«Тергеу органдары, оның ішінде прокуратура себебін анықтап жатыр, тексеріс әлі аяқталған жоқ», – Ғиният.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, қазіргі кезде 5 бала ем алып жатыр. Оларға улы затпен уланды деген диагноз қойылған. Қалғандары сауығып, балалар 21 күн бойы оңалтудан өтеді.

Бұған дейін вице-премьер Тамара Дүйсенова Қарағанды ​​облысындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улану себебі қыркүйектің 5-і күні белгілі болады деп уәде еткен еді.

Еске сала кетсек, 1 тамызда еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Қарағанды облысында балалар жаппай уланып, бір бала қайтыс болғанын хабарлаған болатын. Алты бала жансақтау бөліміне түскен. Балалардың ауыр жағдайда жатқанына байланысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысына жолға шыққан болатын.

Сол күні кеште облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағандыдағы балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директорының міндетін атқарушысы мен 12 медицина қызметкері жұмыстан шеттетілгенін хабарлады. 

10 тамызда қызметтен шеттетілген 10 маман жұмысына қайта оралғаны белгілі болды.

8 тамыздағы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағандыдағы 14 баланың тамақтан уланбағанын айтты. Министр Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан ауруханаға түскен 14 баланың жетеуі сауығып, ауруханадан шығарылғанын хабарлады.

28 тамызда уланған балалардың тағы біреуі қайтыс болғаны хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз