Жаңалықтар

Шымкентте қажылық сапарға бармақ болғандарды алдаған «Kausar Travel» туристік фирмасы директорына қатысты сот үкімі шықты

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Қазақстаннан қажылық сапарға бармақ болғандарды алдаған «Kausar Travel» туристік фирмасы директорына қатысты сот үкімі жарияланды. Бұл туралы Шымкент қалалық соты хабарлады.

Тергеу органдары тарапынан сотталушыға ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтарымен (ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау жолымен екі немесе одан да көп адамның мүлкін ірі мөлшерде жымқыру) айып тағылған.

Сотта анықталғаны:

Сотталушы 2022 жылдың қазан айы мен 2023 жылдың қаңтар айы аралығында ақпараттық жүйе – «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы 245 жәбірленушіні Сауд Арабиясы Корольдігіне «Ұмра» қажылығына бару үшін туристік жолдамаларды рәсімдеп беремін деп алдап айтып, олардың жалпы 255 млн. астам теңге қаражатын иемденген.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлердің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен және істегі басқа да матералдармен толық дәлелденеді.

Тараптардың позициясы:

Прокурор сотталушыға түпкілікті 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленушілер сотталушыға қатаң жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушы және оның қорғаушылары, сотталушының алаяқтық жасауға ниеті болмағанын көрсетіп, ақтауды сұрады.

Сот қандай және не үшін жаза тағайындады:

ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің санкциясында 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сот, қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың анықталмағанын, сотталушының істеген іс-әрекетінің ауырлығын сезінбегенін, өкініш білдірмегенін, қылмыспен келтірілген материалдық залалдың орны толмағанын және жәбірленушілердің қатаң жаза тағайындау туралы пікірлерін ескерді.

Сот үкімімен сотталушы М. алаяқтық жасауда кінәлі деп танылып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы және туризм саласындағы қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды.

Жәбірленушілердің талап арыздары бойынша, жалпы 225 млн. теңге өндіру талабы қанағаттандырылды.