Астанада денсаулық сақтау министрлігінің лауазымды тұлғаларына сот үкімі шықты

Жарияланды
суд
Фото: Pixabay.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Кәрімов денсаулық сақтау министрлігінің лауазымды қызметкерлеріне үкім шығарды.

Ұлттық сараптама орталығы төрағасының бұрынғы орынбасары Сәдуақас Байғабылов қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі 3-тармағы («алаяқтық») бойынша кінәлі деп танылды. Сот 1,5 жылға Байғабыловтың бас бостандығын шектеді. Ол үш жыл мемлекеттік мекеме мен мемлекеттік ұйымда басшылық қызмет атқара алмайды.

Ұлттық сараптама орталығының Жетісу облысындағы филиалының директоры болған Асхат Манкеев қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 367-бабы 2-бөлігі («пара беру») бойынша кінәлі деп танылды. Оған 22 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Асхат Манкеев өмір бойы мемлекеттік қызмет және судья қызметін атқара алмайды, жергілікті басқарушы органда, Ұлттық банк пен оның ведомстволарында жұмыс істей алмайды.

Сот барысында Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Асхат Манкеев қызмет бойынша ауысу мақсатымен өзінің басшысы Сәдуақас Байғабыловқа ақша қаражатын бергені айтылды.

Сот отырысына Ерлан Қиясов куәгер ретінде қатысты. Айтуынша, 5 мың доллар туралы оған Манкеев хабарласып айтқан.

Содан кейін іс бойынша куәгер Аманжол Өтеғалиев Сәдуақасовқа 2 500 долларды қалай бергенін айтты.

«2022 жылдың қыркүйегінде (Жетісу облысындағы Ұлттық сараптама орталығының директоры болған – автор) Асхат Манкеев телефон арқылы хабарласып, Талдықорғаннан жаңадан құрылған Алматы облысына ауысқысы келетінін айтты. Қонаев қаласына ауысу үшін Сәдуақас Байғабыловпен сөйлесуге көмектесуімді сұрады. Байғабыловқа хабарласып, «Манкеевті Алматы облысындағы Ұлттық сараптама орталығына ауыстыруға көмектесе ала ма?» деп сұрадым. Асхаттың жас екенін, балаларының мектеп оқитынын айттым. Сол себепті Манкеев Алматыға жақын жерде тұрғысы келді. Байғабылов келіссөз жүргізіп, жауабын кейін айтатын болды», – деді Аманжол Өтеғалиев.

Жаңалықтарды телеграм каналымыздан оқыңыздар -->

Сондай-ақ оқыңыз