Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесінің орнына құрылған «Президент орталығында» жұмыс істейтін қызметкерлердің тізілімі бекітілмек

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

ҚР Президентінің іс басқармасы «ҚР Президенттік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі қызметшілерінің тізілімін бекітпек. Бұған дейін бұл орталық экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі болған.

ҚР Президентінің іс басқармасының бұйрығы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Құжат 10 қазанға дейін ашық талқылауда болады.

«Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ведомстволық қарасты «Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің азаматтық қызметшілері лауазымдарының тізілімі бекітілсін», делінген бұйрықта.

Бұл тізілімге «Президент орталығында» қызмет ететін мемлекеттік қызметшілер енген. А, Б және С блогынан тұратын тізілім бойынша орталыққа директор, директордың орынбасарынан бастап, қорларды сақтаушы, экскурсия жүргізуші, экспозицияларды және көрмелерді ұйымдастыру жөніндегі маман, негізгі қызметтердің инженері, архивисттер алынбақ.

Бұйрық түсіндірмесінде жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің кейбір мәселелері туралы» 2023 жылғы 14 тамыздағы № 303қбп Жарлығына сәйкес келтіру үшін әзірленгені айтылған. Шілдеде Оrda.kz сайты қолдарына түскен құжатқа сүйене отырып, Тұңғыш Президент кітапханасының орнына Президенттік орталық құрылатынын жазған.

facebook әлеметтік желісіндегі «ҚР Президенттік орталығы» парақшасында қыркүйектің басынан бері өткізілген шаралар туралы ақпарат салынып, директоры ретінде Бақытжан Темірболат көрсетілген. Алайда парақшада жазылған ресми сайты ашылмай тұр.

Қаңтар айында Тұңғыш Президент Кеңсесі 2023 жылға арналған шығынын 708,9 млн теңгеден 591,2 млн теңгеге дейін қысқартатыны туралы хабарлаған еді.

Ал наурыз айында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков журналистерге Назарбаевтың кеңсесін ұстауға 2023 жылы бюджеттен 1,5 миллиард теңгеге дейін бөлінгенін айтқан.

7 маусымда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі бір жарым ай ішінде қайта құрылымдалатынын мәлімдеген еді.

«Кеңседе жұмыс істеген адамдардың бір бөлігі басқа ұйымдарға ауысады. Ал қалған қызметкерлер жұмыстан қысқартылады. Кеңсе қайта құрылымдау сатысында. Менің ойымша, бір жарым ай ішінде мәселе шешіледі», – деді Қаржы министрлігінің басшысы.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Кеңсесі 2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Кеңсе кешеніне кітапхана, мұражай, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы кіреді.

2023 жылдың 15 ақпанында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті  Елбасы туралы» заң ресми түрде күшін жойды. Былтыр 5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты республикалық референдум өткен. Қазақстандықтар дауыс берген маңызды өзгерістердің бірі – Негізгі заңнан Нұрсұлтан Назарбаевты алып тастау болды. Түзетулер сонымен қатар бірінші президент отбасына берілген артықшылықтарды алып тастайды.

Сондай-ақ оқыңыз