Қызыл кітапқа енген 28 ителгі құсын шетелге өткізбек болған азаматтар ұсталды

Жарияланды
Коллаж: kursiv.media

Қазақстанның Қызыл кітабына енген 28 ителгі құсын шетел асырмақ болған шетел және Қазақстан азаматтары ұсталды. Бұл жайлы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

«2023 жылғы 17 қыркүйекте Атырау қаласының әуежайында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстанның Қызыл кітабына енген 28 ителгі құсын контрабандалық жолмен шетелге шығармақ болған шетелдіктер мен ҚР азаматтарын ұстау бойынша арнайы операция жүргізді», делінген хабарламада.

Олар бұл құстарды Таяу Шығыс елдерінің біріне жеткізуді жоспарлаған. Комитет ұйымдастырушылардың тұрғылықты жерін тексеріп, тінту барысында ителгі құсын ұстауға арналған арнайы жабдықталған бөлме және оларды ұйықтатуға арналған медициналық препараттар анықталған.

Баспасөз қызметі бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 3-бөлігі, Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Келтірілген залалдың сомасы 200 млн теңгеден асқан.

ҚР Қылмыстық кодекстің 339 бабына сәйкес, мұндай заң бұзушылықтар қылмыстық топпен жасалса, әрі аса iрi көлемде зиян келтiрілсе, қылмысқа қатысы бар азаматтардың мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Сондай-ақ оқыңыз