Жаңалықтар

Ресейлік «Транснефть» компаниясы «ҚазТрансОйлмен» қазақ мұнайының 2024 жылғы транзиті туралы келіскенін хабарлады

shutterstock

Ресейдің «Транснефть» компаниясы қазақстандық «ҚазТранОйл» АҚ-мен 2024 жылы қазақ мұнайын Ресей жері арқылы тасымалдау туралы келісімге келгенін хабарлады.

«Келіссөз нәтижесінде 2024 жылы Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы транзитпен тасымалдау қызметін көрсету туралы келісімге және «Транснефть» ЖАҚ пен «ҚазТрансОйл» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы жаңартылған меморандумға қол қойылды», – делінген хабарламада.

«Транснефть» делегациясы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген. Сапар барысында компания басшысы Николай Токарев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескені жазылған. Кездесу барысында екі елдің энергетика ресурстарын тасымалдау саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері, атап айтқанда, Каспий құбыр консорциумы қызметі аясындағы ынтымақтастықтың жағдайы мен келешегі талқыланған.

Сонымен қатар ресейлік делегация «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) басқармасының төрағасы Мағзұм Мырзағалиев және «ҚазТрансОйл» (ҚМГ-ның еншілес кәсіпорны) бас директоры және басқарма төрағасы Талғат Құрманбаевпен келіссөз жүргізген. Кездесу барысында қазақстандық тараппен КҚК аясындағы ынтымақтастық және технологиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланған.

2022 жылы Германия үкіметі Қазақстанға PCK Raffinerie (Шведт қ.) мұнай өңдеу зауытына «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайын жеткізу туралы өтініш білдірген болатын.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Rosneft Deutschland маусым айында Raffinerie мұнай өңдеу зауытына шикі мұнай жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Ол құжатқа сәйкес, «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қарашығанақ кен орнынан айына 100 мың тонна көлемінде мұнай тасымалданады. 2023 жылы Германияға жөнелтілетін мұнай көлемі – кемінде 890 мың тонна көлемінде бекітілген.

«ҚазТрансОйл» АҚ  2023 жылы «Дружба» құбыры арқылы көлемі 1,2 млн тонна Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу мәселесі Ресей тарапымен бұған дейін келісілгенін хабарлады.

Алайда 6 тамызда қазақ мұнайы айдалатын «Дружба» мұнай құбырының Польшадағы учаскесінде қысымның төмендеуіне байланысты құбырдың бір тармағының жұмысы тоқтап қалған еді. 8 тамызда ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев «Дружба» мұнай магистраліндегі апатқа қарамастан, Қазақстан мұнайы Германияға уақтылы жеткізіліп жатқанын айтты.

27-28 тамызда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ делегациясы неміс тарапының шақыртуымен Германияға жұмыс сапарымен барып, Шведт қаласында орналасқан PCK (Petrolchemie und Kraftstoffe AG) Raffinerie мұнай өңдеу зауытының қызметімен танысқан. Осы кездесуде Германия қазақстандық мұнай көлемін арттыруға қызығушылық танытып отырғаны айтылды.