Бірнеше себеп қатар келді: Қыркүйек айында теңгенің 4,5 пайыз құнсыздануына сыртқы және ішкі факторлар әсер еткен

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Теңгенің долларға шаққандағы бағамы қыркүйектің басынан бері 4,5 пайызға құнсызданды. Оған бір мезетте бірнеше фактордың әсер етуі себеп. ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, мұнай барреліне 90 доллардан жоғары саудалануына қарамастан, теңгеге кері әсер етіп отырған бірқатар сыртқы және ішкі фактор бар.

ҰБ Төрағасының орынбасары АҚШ доллары әлем бойынша нығайғанын айтып өтті.

«Қыркүйектің басынан бастап дамыған елдердің валюталарына қатысты АҚШ долларының динамикасын көрсететін DXY индексі 2,9%-ға, ал дамушы елдердің валютасына қатысты доллар 2,6%-ға нығайды. Мәселен, қыркүйек айында АҚШ долларына шаққанда Мексика песосы 3,7%-ға, чех кроны 4,4%-ға, тай баты 4,7%-ға әлсіреді. Яғни, бұдан доллар жаһандық сипатта нығайғанын анық байқауға болады», деді Молдабекова.

Оған қоса, нарық жыл соңына дейін ФРЖ ставкасы тағы да көтерілуі мүмкін және ФРЖ ставкасы ұзақ уақыт бойы жоғары күйде тұрады деп болжап отыр. Осыған байланысты Америка валютасы күш алды. ФРЖ-ның соңғы отырысынан соң олардың риторикасы да осы болжамды растайды. АҚШ Мемлекеттік қағаздарының кірістілігі рекордтық деңгейге дейін өсті. 10 жылдық қағаздар бойынша өсім – 4,61%, ал 30 жылдық қағаздар бойынша өсім – 4,72%. Мұның бәрі АҚШ долларына сұранысты күшейтті.

Екіншіден, Әлия Молдабекованың айтуынша, біздің импорттаушылар тарапынан валютаға сұраныс өскен. Бұл – жобаларды іске асыру циклін жандандыру, бюджет қаражатын игерумен байланысты «маусымдық» сұраныс.

«Үшіншіден, Үкімет квазимемлекеттік секторда (КМС) экспорттан түсетін валюталық түсімінің бір бөлігін сату міндеттемесін уақытша тоқтатты. Норма тоқтатылғанға дейін экспорттаушылардың сатылымы нарықта тұрақты валюта ұсынысын қалыптастырып келді. Ол – орташа есеппен айына 220-дан 420 млн долларға дейін. Бұл теңге бағамын тұрақтандыруға әсер ететін. Өйткені нарық қатысушылары өз болжамдары мен есептеулеріне КМС-тің міндетті түрде доллар сатуын қосатын», деді ҰБ Төрағасының орынбасары.

Төртіншіден, АҚШ ФРЖ мөлшерлемесі тұрақты болған кезде Ұлттық Банктің мөлшерлемені керісінше төмендетуі теңгенің тартымдылығын төмендеткен.

«Инфляцияның қарқыны бәсеңдегендіктен, Ұлттық Банк тамыз айының аяғында базалық мөлшерлемені 0,25%-ға түсіріп, 16,5%-ға дейін төмендетті. Ал 21 қыркүйекте АҚШ ФРЖ базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. Сонымен қатар биыл жыл соңына дейін қатаң ақша-кредит саясаты сақталатынын, тағы қосымша 0,25%-ға күшейтілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Екі орталық банктің саясатындағы осы қарама-қайшы әрекет теңге активтеріне деген сұраныстың төмендеуіне әсер етті», деді ол.

Осы факторлардың бір уақытқа тап келуі теңгенің қысқа мерзімде әлсіреуіне алып келген.

«Тағы да айта кететін нәрсе, валюта нарығында өтімділікті қолдап, айырбас бағамының күрт құбылуына төтеп беру үшін Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізуге құқылы. Бұл өз кезегінде бағам қалыптастыруда нарықтық механизмдерді қолдап, теңгенің икемге келерлік құбылу үрдісіне шектеу қоймайды», Әлия Молдабекова.

Сәрсенбі KASE-де сәрсенбі күні доллар күрт қымбаттады. Доллар бағамы бірден 5,19 теңгеге өсті. Күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы 482,24 теңгені құрады.   Бүгін ақша айырбастау орындарында доллар 471-476 теңге аралығында саудаланып жатыр.

Бұған дейін Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов соңғы екі аптада теңгенің күрт әлсіреу себебін түсіндірген еді.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары бір жылдан кейін теңгенің долларға шаққандағы бағамы 480 теңгеге дейін баруы мүмкін деген болжам жасаған. Сарапшылар мұнай қымбаттаса да теңге бағамының құлдырауына тоқтау бола алмайды деп тұжырымдайды.

Сондай-ақ оқыңыз